Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кардиология орталығының жұмысымен танысты

Бұл – диагностикалау процесіне цифрлық технологияны енгізген елдегі бірегей клиниканың бірі. Қазақстандағы жүрек трансплантациясын алғаш болып жасаған да осы ұжым. «Алтын қолды дәрігер» аталып кеткен кардиохирург Юрий Пя Президентке атқарып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне табыс тілей отырып, әлемде мұндай орталықтар санаулы екенін айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл орталықты озық әрі бірегей медициналық мекеме деп айтсақ, артық болмайды. Шын мәнінде әлемде мұндай орталық көп емес. Бұл – Елбасының арқасында жүзеге асқан жоба. Сондықтан жұмыстарыңыз табысты болсын деп айтқым келеді.

Клиникада жылына кемі 5 000 операция жасалады. 6 операция залы, 2 реанимация бөлімі және 200 адамға шақталған палатасы бар. Мемлекет басшысы: «Ең маңыздысы – ғимарат емес, мамандардың біліктілігі және жұмыс нәтижесі», – деді. Себебі мұнда дертіне шипа іздеген мыңдаған жан келеді.