Хабар телеарнасы

Жылыой ауданында жағдай күрделеніп барады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысында жүр.

Оның бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысының жағдайымен танысып жүр. Ал вице-премьерлер Серік Жұманғарин Ақтөбеде, Нұрлан Байбазаров Батыс Қазақстан облысындағы жұмыстарды сол жерде басқарып жүр.

Ал вице-премьер Қанат Бозымбаев барған Атырау облысындағы Жылыой ауданында жағдай әлі де тұрақсыз. Қазір Құлсары қаласындағы 2,5 мыңнан аса тұрғын үй мен ғимарат суға кеткен. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатыр.

Құлсары қаласындағы тұрғындар кешеден бері эвакуацияланып жатыр. Төтенше жағдай басталғалы 12500-ден аса тұрғын қауіпсіз аймаққа орналасқан. Үйі суға кеткен тұрғындар: «енді кеткен шығын өтелсе», - дейді.

Жаңыл Сатмағанбетова, Жылыой ауданының тұрғыны:
- Екінші ауылдың тұрғынымын. Кеше ауылым суға кетті. 4 күні бойы балам соры қайнап, қаппен топырақ тасып өлуге қалды. Үкімет көмек берсін енді мына халыққа. Қарайған дүние-мүлкіміз бәрі кетті ғой.

Төлебай Қашабаев, Жылыой ауданының тұрғыны:
- Топан су деген тілсіз жау ғой. Келеді де ол, білмей қаласың. Халық деген жан-жаққа көшіп жатыр.

Табиғи апаттан зардап шеккен жылыойлықтарға облыс орталығынан 30 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 80 сарбазы көмекке келді. Сондай-ақ көрші Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан жеткен әскерилер қазір жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды.

Әбдіманап Ергеш, 99116 әскери бөлімшесі арнайы мақсаттағы барлау-шабуылдау батальонының сержанты:
- Арнайы мақсаттағы барлау полкінен 55 әскери қызметші осында, Құлсары қаласына су тасқынына көмектесуге келдік. Тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз, үзіліс болған жоқ. Эвакуацияға қатыстық. Халыққа көмектесу
ең бастысы.

Құлсары қаласының 50% су басты. Қазір қауіпті аймақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелерден 140-тан аса арнайы техника тартылған. Суға кеткен үйлердің санын анықтау үшін комиссия құрылды.

Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Қазір нақты қаланы участокке бөліп, жауапты адамдарды белгіледік. Қазіргі таңда сол бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бірінші мақсатымыз
осы судың деңгейін түсіру мәселесі бойынша, екінші мәселе деңгейі түскеннен кейін суға кеткен елді мекендегі үйлердің санын шығару. Қанша үй кетті? Бұл жерде Құлсары қаласы бойынша комиссия құрылды.

Жем өзені ғана емес, қазір Жайықтан да қауіп көп. Атырау қаласының еріктілері де жұмыла жұмыс істеп жатыр. Тіпті үлкен кісілер де қолына қапшық алып, ауыл азаматтарына қол ұшын созуда.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов