Хабар телеарнасы

Марқакөлде жағдай тұрақтанып келеді

Қалың қар басқан Марқакөлде алдағы бір-екі күнде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімінің күші жойылады. Өйткені ақ  ұлпаның  астында қалған ең соңғы ауылға жол ашылды. Айта кетсек, бір апта бойы тоқтаусыз жауған қар салдарынан ел шығысындағы Марқакөл ауданында бірнеше елді мекенге апаратын жол жабылып, қатынас қиындаған еді. Сақылдаған сары аязда, қалың қар басқан жолдар қалай ашылды? 

Қаңтарда Марқакөлге қар қалың түсті. Апта бойы жауған ақ ұлпа жолды басып, тірлік қиындады. Қатынас тоқтады. Мал да, жан да омбылап қалды. Жол тазалау қызметі жанталаса жұмысқа кіріскенмен, үскірік дес бермеді.

 Жанболат Мұстафин, механизатор:

- Қар қалың,  аяз қатты. Әр жолды 5-6 қайтара тазалап өтпесе, түк шықпайды. Сондықтан ауыр техника әрең шыдайды.

Облыстағы салалық құрылым да аяқтан тік тұрды. Төтенше жағдай жарияланды. Азық-түлік таратып, науқастарды ауруханаға апару үшін тікұшақ пен жол талғамайтын көлік жұмылдыруға тура келді. Ұранқай ауылының фельдшері Жанна Күдекова соқыршек болған баланы бір жарым сағаттық жердегі  аудан орталығына апара алмай әбден қиналыпты.

Жанна Күдекова, фельдшер:

- Бір жарым сағат жолды 16 сағат жүріп бардық, машина жүрмейді, трактор бізді сүйреп, әйтеуір военныйлар көмектерін көрсетіп, тягачтарын жіберіп, бізді сонымен алып кетті.

Қыс қиындығын ауыл аймақтағы жұрт жұмыла көтерді. Жастар да қарап отырмады. Дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға қажетін тауып, оны шаңғымен жеткізді.

Назгүл Аманжолова, ерікті:

- Мәселен, эпилепсиялық синдромы бар адамның дәрісі таусыла бастаған. Сондықтан ол әр түйір дәріні үнемдей бастапты. Сол себепті біз жарты күн ішінде қажетті препаратты тауып, оны жеткізіп бердік.

Эльмира Ахметова, тілші:

-9 қаңтардан бері Марқакөлде бес ауыл қар құрсауында қалған еді. Ең алдымен Ұранхай, Бұғымүйіз елді мекендеріне жол ашылды. Одан соң Төсқайың мен Шанағаты ауылдарына баратын бағыт қардан тазартылды. Енді мінеки ең соңғы Балықтыбұлақ ауылы қалды. Қазір күн-түн демей жұмыс жүріп жатыр. «Тау, тасы көп өлкеде осылай уақытқа қарамай жұмыс істеуге тура келеді», – дейді мамандар.

Әділхан Мұхамадиевтың осы жерде жүргеніне екі апта болды. Отбасын әсіресе немерелерін әбден сағыныпты. Алайда ауылдағы ағайын жолсыз жатқанда: «Қайтып кетуге дәтім бармайды», – дейді ол.

Әділхан Мұхамадиев, механизатор:

- Байланыс жоқ, сотка жоқ, бала-шағаны білмейміз, енді түні бойы екі-үшке дейін шаршағанша істейміз, содан кейін демаламыз,таңертең 7-де тұрамыз, трактор өшпейді, осылай тұрады.

Әлижан Беткенбаев, Төсқайың ауылдық округінің әкімі:

- Алты күн тоқтамай қар жауды, артынан қатты боран соқты, одан кейін тағы екі күн қар жауды. Ұранхайдағы метеостанцияның мәліметінше, осы алты сөткеде 134 см қар жауды.

Түнімен қар құрсауындағы соңғы ауылға жол ашылды. Демек, енді аз күнде аудандағы төтенше жағдай режімінің күші жойылады. Алайда мамандар: «Босаңсуға әлі ерте», – дейді. Өйткені біздің жақта қыс ұзақ...

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов