Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы ірі жол апаты: 26 көлік соқтығысты

Жамбыл облысында ірі жол апаты болды. Бір мезгілде 26 көлік соқтығысты. Оқиға республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының Жуалы ауданындағы бөлігінде болған. Ұйытқыған қар мен қалың тұманнан жол көрінбей, бір бағытта келе жатқан автокөліктер бірінің артына бірі соғыла беріпті. Қазір соқтығысқан 4 автобус, 13 жеңіл көлік пен 7 жүк көлігін құтқарушылар жолдан тазартып жатыр. Адам шығыны жоқ. Дегенмен 19 жолаушы әр түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді. Нұрлыкент мәдениет үйінде ұйымдастырылған жылыту пунктінің көмегіне 47 адам жүгінген. Жолда қалғандар пойыз және автобуспен үйлеріне жіберіліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазір Тараз — Шымкент бағытындағы жол жабық.