Хабар телеарнасы

Ақтөбелік оқушы мектепте қайтыс болды

Бүгін Ақтөбедегі оқыс оқиға елді елең еткізді. Облыс орталығындағы №27 мектеп-лицейінде 7-сынып оқушысы қаза болды. 13 жастағы жеткіншек үшінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде партаның қырына құлап, жұтқыншағына зақым келген. Мектеп директоры кабинет ішінде балалармен бірге физика пәні мұғалімінің де болғанын айтып отыр. Облыстық Полиция департаменті осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

Дәуір Төлемісов, №27 мектеп-лицейінің директоры:
-Мектептің медбикесі келіп, алғашқы жәрдем көрсетіп, жедел жәрдем шақыртып, ата-аналарын шақыртты. Әкесі келді. Сол жедел жәрдеммен бірге әкесі, сынып жетекшісі ауруханаға еріп кеткен. Біраздан кейін ауруханадан суық хабар келді. Қазіргі таңда медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Неден болғанын, қалай болғаны анықталатын болады.