Хабар телеарнасы

Жаз басталғалы елімізде дала өрті жиілеп кетті

Жамбыл облысында таулы аймақ өртке оранды. Меркі ауданының Ақтоған ауылынан 20 шақырым жердегі қызыл жалын кеше түстен кейін тұтанған. Ал қазір аумағы 200 гектарға жетіпті. Өртті сөндіруге 10 шақты техника мен жүздеген адам жұмылдырылды. Жалпы жаз басталғалы елімізде дала өрті жиілеп кетті. Соңғы күндердің өзінде осындай бірнеше оқиға тіркелді. Мәселен, Қарағанды облысында кешелі бері құрғақ шөп өртеніп жатыр. Осакаров ауданына қарасты Жансары ауылы маңындағы тілсіз жау найзағайдан тұтанған. Ал шығыста Бұқтырма су қоймасындағы аралда қамыс өртенді. Қызыл жалын 6 гектар аумақты шарпыған. Баянауылда да кеше дала өрті болып, 90 гектар жер жанып кеткен. Мұндай оқиғалардан табиғат қана емес, адам да зардап шегіп жатыр. Қою көк түтін жақын маңдағы елді мекендерге барады. Мәселен, кеше елорда іргесіндегі Қаражар ауылындағы қамыстың өртенуінен Астананы күйіктің иісі торлады. Салдарынан ауа сапасы нашарлаған. 

Алина Есмағұлова, «Қазгидромет» мекемесінің баспасөз хатшысы:
-Үшінші тамыз сағат 10-ға дейін Астанадағы 3 бірдей бекетте ауа сапасының нашарлағаны байқалды. Мәселен, Түркістан көшесіндегі бекетте азот диоксидының шамадан тыс болғаны байқалды. Деңгейі 4,2 шамасында. Ал Бабатайұлы көшесіндегі бекетте күкірт сутегінің көптігі анықталды. Бұл белгіленген мөлшерден 3,3 есеге артық. Сондай-ақ Мұңайтпасов көшесіндегі қондырғылар да күкірт сутегінің шамадан тыс екенін көрсетті.

Жанна Дәуренбекова, ҚР ТЖМ ресми өкілі:                                                                        
-Өткен тәулікте ТЖМ бөлімшелерінің қатысуымен 30 табиғи өрт пен жанулар жойылды. Тағы 11 жағдай бақылауда. Өрт кейіннен Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркіне таралды. Өрт Төтенше жағдайлар департаментінің орман шаруашылығы өртке қарсы құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен оқшауланған. Өртті жою шаралары жалғасуда. ТЖМ өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды еске салады.