Хабар телеарнасы

Оралда балалар мінген автобус өртеніп кетті

Оралда балалар мінген автобус өртеніп кетті... Абырой болғанда барлығы дін аман. Оқиға Егізбаев—Бельгер көшелерінің қиылысында болған. Жазғы лагерьдегі 60 баланы кинотеатрға апарып келе жатқан автобус кенеттен түтіндей бастаған. Жүргізуші дереу ескертіп, балаларды көліктен түсіріп үлгерген. Полицейлер өрттің шығуына көліктегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды деп болжап отыр. Қалалық Білім беру бөлімінің мәліметінше, жеткіншектер №26 мектептің оқушылары екен. Ал автобус — жекенің меншігі. Оны балаларды тасымалдау қызметіне жалдаған. 

Эльмира Нұғманова, қалалық Білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы:
-Автобус жеке. Ол ата-аналардың келісімімен шақыртылып, барып-келу үшін ата-аналардың есебінен төленген екен. Балалардың кинотеатрға апарып, алып-келу кезінде соңына дейін қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін лагерь жетекшісіне тәртіптік шара қолданылады.