Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі Абайдың 175 жылдығы мен Наурызға арналған клип түсірді

Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен көктем мерекесіне арналған бейнебаян жарыққа шықты. Туынды Абайдың терең ойларын қамти отырып, тарихтың талай сынын басынан өткерген қазақ халқын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырады.

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Жаңа туынды Абайдың терең ойларын негізге ала отырып, тарихтан белгілі талай сын сағаттардан аман өткен қазақ халқын ынтымаққа шақырады.

Мерей Маханов, режиссер:

- Бұл жобаның жалпы мақсаты – елімізге қолдау. Бейнебаянның сюжеті қазақ халқының басында қаншама тарихи кезеңдер мен елеулі оқиғалар болғанынан хабардар етеді. Ата-бабаларымыз қаншама қиыншылықтан, бәле-жаладан өткен. Соның арқасында қазақ халқы алуан жердің иесі болып отыр. Біздің мақсатымыз – сол тарихты көрсету.

Жаңа әннің сөзін жазғандар: Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов. Әні Әбдіжаппар Әлқожанікі. Орындайтындар: Төреғали Төреәлі мен Әбдіжаппар Әлқожа. Бейнебаянда көрерменнің көзайымына айналған өнер өкілдері қазақтың тарихи тұлғаларын сомдайды.

Болат Әбділманов, актер:

- Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, бүкіл ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы жатыр. Өйткені біз ұлы Абайдай тұлғамыз барда өзіміздің бағытымыз бен мақсатымызды білеміз. Қалың орманда адастырмай алып шығатын біздің руханияттың биік шыңы – Абай.

«Бейнебаянды шағын тарихи туынды» десек, артық айтпаймыз. Ашаршылық заманнан бастап қазақтың басынан өткен нәубет жылдардың көрінісі әннің сөзімен үйлесім тапқан.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев