Хабар телеарнасы

Қарағанды – Нұр-Сұлтан тасжолында жол сақшыларына бағынбағандар жазаланды

Ал қалғандарына айыппұл салынды. Бірақ бұл шешіммен көлік жүргізушілері келіспейді. Болған жағдайға қатысты олардың айтар өз уәжі бар.

Бұл күні ауа райының қолайсыздығынан Осакаров ауданының тұсында жол жабылған болатын. Осы кезде бір топ жүргізуші тәртіп сақшыларынан босатуды талап етіп, жанжал шығарады. Тіпті көлденең тұрған көлікті жол жиегіне итеріп шығарып тастаған. Амалы таусылған учаскелік инспектор Жанболат Күшеков көліктердің алдына жатып алып, тоқтатпақ болған. Бірақ ентелеген жұрт оны да күшпен жұлқып, 15-ке жуық көлік сытылып тасжолға шығып кетеді.

Жанболат Күшеков, учаскелік полиция инспекторы:

- Жылыту орны, көліктерді де жылытатын жерлер, тамақтандыратын жер, аурухана, дәмханалар бар. Бәрі ұйымдастырылған. Бірақ халық ол жаққа барғысы келген жоқ. «Поездға да мінгізіп жіберейік», – деп айттық. Оған да ешқайсысы келіскен жоқ.

Тәртіпке бағынбағандар алысқа ұзаған жоқ. Жолда ұсталып, үшеуі қамауға алынды. Ал қалған 11 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Дегенмен жүргізушілердің бұл жағдайға өз пікірі бар. Мәселен, жолды жапқанда, олар кері қайта алмай қиналатындарын айтады. Осыдан соң санаулы уақытта кептеліс пайда болады.

Жүргізушілер ақылы жолдың дер кезінде тазаланбайтынына да наразы. Кей тұстарын қалың қар басып қалғандықтан, қазір олар бір жолақпен жүруге мәжбүр. Тиісінше жол апаттары жиілеген.

Қошан Байтілеуов, жүргізуші:

- Қар ұстап қалатын құрылғыны 2-3 қатарға қою керек. Ол тұрған жердің бәрі тап-таза. Бірақ ол зат көп жерде жоқ. Дәл жоқ жердің барлығында қар үйіліп қалады. Жолды толығымен жабады.

Айта кетейік, жуырда ғана Қарағандылық тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан мен Теміртау арасындағы ақылы жолдың тазалығына жауапты мекемеге 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Бұл – бірінші ескерту емес. Жол сақшылары бұған дейін де дәл осы автобанда 27 рет зерттеу жүргізіп, 12 жауапты тұлғаны әкімшілік жазаға тартқан болатын. Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин