Хабар телеарнасы

Жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу керек

Маңғыстаудағы Үстірт қорығы мен жерасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмыстарды бастау қажет. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда осылай деді.

Жалпы еліміздің батысында жиырмадан аса жерасты мешіті бар. Біразы Маңғыстау өңірінде орналасқан. Сұлтан үпі, Шақпақ ата, Бекет ата жерасты мешіттерінің қашан салынғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Біріне бірі ұқсамайтын тарихи нысандардың дүниежүзілік мұралар тізіміне лайық екені даусыз.

Тарихи ескерткіштерді жаһандық мұралар тізіміне енгізудің ережесі бар. Қолданыстағы заңнама аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті құжаттарды дайындап, ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне жолдайды. Мақұлданған жағдайда Маңғыстау даласында шетелдік мамандардың қатысуымен кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Нұрлан Құлбай, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры: /
- ЮНЕСКО-ға бірден еніп кете бермейді. Оның барлық деңгейдегі өзінің мамандары бар. Әрбір ескерткіштің өзінің түпнұсқасы сақталуы керек. Яғни өзінің бұрынғы ескі қалпындағы көрінісі тұруы керек. Сондықтан да біз аудандарда семинарлар өткізіп, әртүрлі жұмыстар жасап, насихаттап жүрміз. Көне мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің жанынан ешқандай заңсыз құрылыс жүрмеуі керек.