Хабар телеарнасы

Ұлттық киім – ұлт ажары

Ел мектептерінде ұлттық киім киетіндердің қатары көбейді. Нағыз тренд дерсіз. Бірі «Ұлттық сезім» акциясы аясында әр жұма сайын тақиясын кисе, енді бірі әр аптада қамзолын киюді әдетке айналдырған. Сондықтан оюлы тақия мен зерлі шапан сынды, ұлттық нақыштағы киім тігетіндердің кәсібі өрлеп тұр.

Астаналық Гүлназ Өмірбаева – ұлттық киім тігудің шебері. Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отырғанына 6 жылдың жүзі болды. Қазір жұмысы қауырт. Тапсырыс көп. 

Гүлназ Өмірбаева, кәсіпкер:

-Бұрындары тек Наурыз мерекесінде ғана сұраныстар болса, ал қазір барлық уақытта мектепке, балабақшадағы балаларға да сұраныс өте жақсы.

Көздің жауын алар түрлі дизайндағы қазақы ұлттық нақышта киімдердің түр-түрін тігеді. Тек Астана емес, басқа қалалардан да тапсырыс берушілер көбейіпті.

Астанадағы №81 мектептің оқушылары әр айдың соңғы 10 күнін асыға күтетіндерін айтады. Себебі сабаққа ұлттық киіммен барады. Қызылды-көкті, жасыл, түрлі-түсті, оюлы. Бастысы әрбірінде қазақи иіс, қазақи үлгі.

Ата-аналарға салмақ болмас үшін мектеп басшылығы бұл бастаманы әу-баста тек ұсыныс ретінде айтқан. Ұсынғаны сол еді, көпшілігі қолдай жөнелген.

Аймарал Асылбекқызы, мектеп оқушысы:

-Әр айдың соңғы аптасында ұлттық киім киесіңдер дегенде, мен өзім қуандым. Себебі жалпы өзіміздің бір ұлттық киімдерімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу керек деген сезімде болдым. 

Әр сыныпқа ортақ үлгілер де пайда болған. Үлгісі бірдей, ою-өрнегі әртүрлі. Жұртшылық: «Енді осы жағы бір ретке келтірілсе екен», - дейді. Себебі нарықтағы киімдерде түрлі ұлттың өрнегі аралас қолданылып жатыр. 

Гүлнар Садықова, №81 «ASTANA ENGLIH SCHOOL» мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:

-Ол біздің қазіргі өзіміздің ұлттық нақыш. Өзіміздің қазақи мектептің иісі шығып тұрсын. Халықаралық мектепке тексерулер келгенде, қызығады. Қандай керемет өзінің елінің өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан киім киіп жүргеніне сүйсініп қарайды деп ойлаймын.

Ал ел бойынша «Ұлттық сезім» акциясын қолдаушылар көбейді. Әр жұмада балалар ұлттық нақыштағы киім киіп, мектепке бар ықыласымен дайындалады. Мектептен тыс уақытта да оқушылар қазақы, бірақ заманауи этностильде киінуге ұмтыла бастаған. Кәсіпкерлердің айтуынша, ұлттық киімді бірер жыл бұрын көпшілік тек тойлар мен мерекелерде ғана киетін. Қазіргі көрініс басқаша. 

Гүлзабида Айтуар, кәсіпкер:

- 2024 жыл басталғалы бері күнделікті киімдерді сатып жатырмыз. Заманауи үлгідегі шапандарымыз да көріп тұрғандарыңыздай бар. Бұрындары тойда ғана киюші едік, қазір күнделікті өмірде киіп, қуанып қаламыз.

Дана Әлиева, тілші:

-Мектеп оқушылары мен ұстаздардан, балабақшадағы балалар мен тәрбиешілерден бөлек, әр сала өкілдері де бірте-бірте этностильге бет бұруда. Содан болар ою-өрнегі бар заманауи үлгідегі киімдер бұрынғыға қарағанда нарықта анағұрлым көбейген.

Қайда барса да тақиясын тастамайтын депутат Дәулет Мұқаев: «Ұлттық киім кию дәстүрі тек Наурызбен шектемесе екен», - дейді. 

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Өзге ұлтқа біз керек емеспіз. Өзіміз қазақ болып сол ұлттық дүниені қолдамасақ, қорғамасақ, бұдан да айырылып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан бұндай іс-шараларды бірреттік іс шара ретінде қалмай, айтқаным сол ғой, Ұлттық киім күнін мереке ретінде белгілеуіміз керек.

Әзір күнтізбеде белгіленген күн болмаса да, ұлттық болмысты айшықтай түсетін киімге қызығушылық артқан. Сондықтан ұлт ажарын ашар ұлттық киімді ұлықтайтын күн де алыс емес болар.

Дана Әлиева, Қобыланды Өтегенов, Болотбек Табалдиев