Хабар телеарнасы

Енді 3 адам үкіметтік емес ұйым құра алады

Былтыр қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заңға осындай жаңа өзгеріс енгізілді. Бұл туралы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Аида Балаева айтты.

Одан бөлек онлайн-петицияларды жіберуге арналған арнайы платформа сәуір айында іске қосылады. Азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, Атырауда Ұлттық құрылтай өтеді.

Дегенмен мәдениет саласында атқарылу керек шаруа шаш етектен. Мәселен, 64 мыңға жуық мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 45% өскенімен, салада кадр тапшы. Тіпті оларды оқыту жүйесі жолға қойылмаған. «Бірінші нарықтың сұранысын ескеріп, әрекетке көшу керек», - дейді министр. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: 
- Соңғы 3 жылда волонтёрлік ұйымдардың саны 3 есе, белсенді волонтёрлер 5 есе өсті. Жыл басынан бері волонтёрлік қызметті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жаңа жол картасы жүзеге асырыла бастады. Дәстүрге айналған «Қайырымды істер марафоны» республикалық жобасы биыл да волонтёрлердің, меценаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың қатысуымен кеңінен атап өтіледі.