Хабар телеарнасы

«Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті

Алматыда «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақ әдебиетінің алтын коллекциясына баланған жинаққа Абайдың мұрасы «Жүректің көзі ашылса...» ақын, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Хал-ахуалы», Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен енген. Баспа сондай-ақ Алашорда қайраткерлерінің, кеңестік дәуірдегі әйгілі қаламгерлердің және тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен жас авторларының еңбектерін басып отыр. 35 кітап 35 авторға арналған. Әрқайсысы мың тиражбен шықты.

Тұсаукесерде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның баспа басшылығына арнаған құттықтау хатын жеткізді. Жалпы «Абай» баспасы тағы 65 автордың шығармасын жариялауды көздеп отыр. Ал жарық көрген көркем шығармалар көп ұзамай еліміздің кітап дүкендеріне түседі.

Ақберен Елгезек, ақын, «Абай» баспасының директоры: 
- Бір айта кетерлігі, баспаның өз қаражатымен шығарылып жатыр. Ешқандай бюджеттік ақшадан шығарып жатқан дүние емес. Неге десеңіз, бүгінгі таңда кітап оқу - сәнге айналып келе жатқан заман. Жастар көп оқиды, кітап жетпей жатады деп айтады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз осындай қадамға барып тұрмыз.

Ерлан Жүніс, ақын: 
- Менің де қосылғаныма өте қуаныштымын. Бұл өз уақытымыздың, өз заманымыздың бізге бір игілігі деп санаймыз. Баспа сұрағаннан кейін мен бірден бұрын да жарық көрген өлеңдерді бергеннен гөрі жаңа дастандардың болғаны және алдында жүлделі болған поэмалардың кіргенін қаладым.