Хабар телеарнасы

Кенесары ханның Құран кітабы Ясауи кесенесіне қойылды

Екі ғасырлық тарихы бар Кенесары ханның Құран кітабы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылды. Құнды жәдігерді Әзірет Сұлтан мұражайына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы табыстады.

Кенесары ханға құранды туысы Марал Ишан сыйлаған. Кітап екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, шетел асып кеткен. Көне жәдігер меценат азаматтардың көмегімен елге қайтарылды. Онда Марал ишан мен Кенесары ханның мөрі бар. Киелі кітапты отандық және шетелдік ғалымдар мұқият зерттеп, сараптама жасаған.

Наурызбай Өтпенов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти: 
- Әрине, бұл өте үлкен құнды дүние. Кезінде ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесары хан бабамыз Аллаға сенген, мұсылман болғаны, құран оқығандығын осы тарихи сәт бізге көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да біздің елден шыққан құнды дүниелеріміз көп. Солардың барлығының елге оралуын Алла нәсіп етсін.