Хабар телеарнасы

Алматыда жасанды интеллект суретшілер көрмесі ашылды

«Жасанды интеллект: суретші немесе машина?» Алматыда осындай тақырыппен көрме ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — заманауи инновациялық көрме. Туындылар жасанды интеллект арқылы жасалған. Экспозиция 120-дан астам картинаны қамтиды. Тақырып сан алуан. Көрменің бір бөлігі Қазақстанды жасанды интеллект көзімен қабылдауды бейнелейді. Оның барлығы нейрондық жүйенің көмегімен салынған. Келушілер еліміздің әсем табиғатын, ерекше сәулеттік келбеті мен ұлттық тағамдарының балама көрінісіне куә болады. Көрмені тамашалаушылар жасанды интеллектінің мүмкіндігі мен суретшінің талантын қатар бағалайды. «Цифрлық эволюция» деп аталатын иммерсивті фильм осы көрме үшін арнайы дайындалған. Сондай-ақ бұл жерден қазақстандық авторлардың туындыларын көруге болады.

Жанар Короткова, көрмені ұйымдастырушы:
-Көрме Қазақстанның ерекшеліктерін бейнелейді. Мұнда қазақ ертегілерінің, эпостар мен мифология кейіпкерлері ерекше бағытта салынған. Бұған дейін көрме Беларусьтің бірнеше қаласында табысты өтті. Көрермендер жылы қабылдады. Біз көпшілікке таңдауды өздеріне қалдырып отырмыз. Жасанды интеллект? Суретші немесе машина? Жасанды интеллекттің арғы жағында адам интеллектісі жатқандығын ұмытпауымыз керек. Яғни оны адам жасаған. Ол неғұрлым ақылды болса, нейрондық желінің нәтижесі соғұрлым жақсы болады.