Хабар телеарнасы

«Бозторғай» телехикаясының 2-маусымы Қостанай облысында түсіріліп жатыр

Бұл он баланы асырап алған Садықовтар отбасы туралы оқиға желісіне негізделген. Өңірде осындай ірі киножоба алғаш рет қолға алынған. Жергілікті театр актерлеріне де кинода ойнау мүмкіндігі туды. «Хабар» Агенттігінің жаңа туындысы күзде көрермендерге ұсынылады.

Фильмде барлығы елуден астам негізгі және эпизодтық рөлдер бар. Жергілікті қазақ драма театрының әртісі Төленді Әлқожа алғаш рет телевизиялық образды сомдайды. Ол жағымсыз кейіпкерді сомдайды.

Төленді Әлқожа, актер:
-Бозторғай сериалында менің образым «Бакавой» деп аталады. Лақап аты ғой. Шын аты жазылмаған. Бұл 90-шы жылдардағы бұзық жігіттер ғой. Бандит жігіттер.

Екінші маусымдағы тағы бір кейіпкер Бекон болмақ. Оның рөлі Бақдәулет Асылбекке жүктелген. Жас актердің көтерер жүгі жеңіл емес.

Бақдәулет Асылбек, актер:
-Бекон деген бала өте қатты ұнайды. Бұл бала балалар үйінен және бұл бала жұмыс істейді, ақша табады.

Бозторғай телехикаясы шынайы оқиғаға негізделген. Бұл Нұрлан мен Қарлыға Садықовалар туралы әңгіме желісімен байланысты. Отбасылық жұп тоқсаныншы жылдары 10 баланы асырап алған. Ауыр кезеңдерде мойымай балаларды жақсы тәрбиелеп, өсіреді. Сериалдың алғашқы маусымы қазақстандықтардың көңілінен шықты. Көрермен қауым қызықты туындының жалғасын сұраған.

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
-Рейтингті жақсы берді. Содан кейін халықтан біз сауалнама жүргіздік. Осы «Бозторғай» сериалын қайталап түсіріп, жалғасын көруге болады ма, қалай қарайсыздар деген кезде, көп адам, 93% қолдап дауыс берді. Яғни халықтың қызығушылығы жоғары болды. Сол себепті біз биылғы жылы «Бозторғай 2» яғни жалғасын көрерменге ұсынғалы отырмыз.

«Бозторғай» телехикасының екінші маусымы басты кейіпкерлердің тарихи отанында түсірілуде. Қостанай қаласы мен оның маңайынын бөлек Әулиекөл ауданының орманды алқабы мен Арқалықта түсірілім жұмыстары жүреді.

Жалын Тілеуберген, «Бозторғай» телехикаясының продюсері:
-Жол қашық. Логистика алыста деп, бірақ түсіргіміз келетін ниетімізді таныттық. Бұл кісі бірден қолдап, осы облыс әкімшілігіне шығып, осындай біздің туындымыз сіздер жақта түсірілсе деген ұсынысын білдіріп, ол кісілер бізді жан-жақтан қолдап, бізге демеу көрсеткеннен кейін біз осы жаққа келіп отырмыз.

Түсірілім жұмыстарына қала тұрғындары да қатысуда. Олар ескі пәтерін, кеңес кезеңіндегі көліктер мен түрлі бұйымдарды тауып берген. «Бозторғай» сериалының екінші маусымын түсіруге шамамен бір жарым айдай уақыт керек. Туынды көгілдір экраннан қазан айында көрсетіледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг