Хабар телеарнасы

«Любой проблема шешеміз» фильмі үлкен экранға шықты

Tiger films продюсерлік компаниясының кезекті картинасы үлкен экранға жол тартты. «Любой проблема шешеміз» деп аталатын комедиялық фильм 4 түрлі кейіпкердің ортақ тағдырын көрсетеді. Шытырман оқиғаға толы комедияның премьерасы Kinoplexx Saryarqa кинотеатрында өтті

«Любой проблема шешеміз» фильмі 4 түрлі кейіпкердің өмірін бір арнаға тоғыстырады. Риэлтор Рамазан Амантай, ұры Рүстем Жаныманов, коллектор Анара Батырхан және полиция қызметкері рөлінде Марат Достаев. Олар бір уақытта жазылмас дертке шалдығады. Өмірінің аз қалғанын білген кейіпкерлер соңғы сағаттарын жақсылық жасауға арнайды.

Марат Достаев, актер: 
-Өзімнің кейіпкерім, иә көңілімнен шықты. Кейбір көптеген жерлерін өмірден алдық десек те болады. Негізі көп нәрсе өмірден де алынды ғой, жолда көп жүреміз. Жолда қандай қызықтар болады, соларды да осы кинодан көрсетуге тырыстық. Бірақ дұрыс жағынан деп ойлаймын.

Алматыда 18 күнде түсірілген комедиялық фильм Tiger films продюсерлік компаниясының 16-туындысы. Жағымсыз кейіпкерлер өмірдегі ауыр сынаққа төзе жүріп, игі істердің арқасында дұрыс бағытқа бет бұрады. Сценарий барысындағы шытырман оқиға атыс-шабыспен қатар жүреді.

Ален Ниязбеков, режиссер:
-Өмірімізде болып жатқан әртүрлі оқиғалар мен сынақтарға сынбай, әрекет жасауымыз керек. Алланың бізге берген сынақтарынан мойымай өту арқылы жақсылыққа жол ашамыз. Фильм өмірдегі қиындықтарға жеңілмей, жақсы әрекетке насихаттайды.

«Любой проблема шешеміз» фильмі көрерменге танымал актерлердің жаңа қырын ашады. Картина бүгіннен бастап Kinopark және Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов