Хабар телеарнасы

Яссауи кесенесінің қабырғалары неге ылғалданды?

Соңғы бірнеше жылдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жайында қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Расында қазір кесененің күмбезі мен кей бөлмелерінің қабырғалары ылғал тартып, тұзданып тұр. Кесененің мұндай күйі халықты алаңдатып отыр. Сәулетшілер кеңес заманында кесене айналасында жерасты суын реттеп отыратын дренаждар мен бірнеше ұңғымалар қазылғанын айтады. Алайда уақыт өте келе олардың барлығы бітеліп, істен шыққан. Биыл «Кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарына» қазынадан 317 млн теңге бөлінді. Кесененің қабырғалары мен күмбезіне ылғал мен ауаның тығыздығын анықтайтын есептегіш құралдар орнатылған. 

Исабек Нұрмағамбетов, «ҚазҚайтаЖаңарту» РМК Бас директорының орынбасары:
-Онлайн режимінде қазір ақпарат келіп тұр. Бір дачикті ашып қарасақ мынау қызыл көрсеткіш бұл ылғалдылық, қара көрсеткіш температураны қазір 24 сағат көрсетіп тұр. Енді осы кешенді бағдарламаның ішінде Ресейдегі реставрация ғылыми зерттеу институты мамандарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Соған байланысты біз өзіміздің ғылыми жаңғырту жұмысымызды жүргіземіз.