Хабар телеарнасы

Шымкенттіктер Ұлыстың ұлы күнін этноауылда тойлап жатыр

Ұлттық нақыштағы шағын ауылда ұлттық ойындар мен түрлі іс шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар Наурыз мерекесі қарсаңында садақ атудан Азия біріншілігі өтіп жатыр. 

200 киіз үй тігілген этноауыл, наурыз мерекесіне орай салынған. Мұнда ұлттық нақыштағы көрме ұйымдастырылып, қолөнерден түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп жатыр. Сонымен қатар еліміздің 20 аймағынан әкелінген қазақ үйлерде сол өңірдің тарихи-мәдени құндылықтары қойылды.

Әйгерім Бекқұлиева, Қызылорда облыстық музейінің бөлім басшысы:
-Кезіндегі сақ дәуірінің алтын бұйымдары және 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Сыр қазақтарының, Сыр елінің тұтынған күміс әшекей бұйымдары қобыз аспаптары, домбыра аспаптарының түр түрі осы көрмеде халық назарына ұсынылды.

Фестиваль аясында ұлттық тағам түрлерін дайындайтын аспаздар арасында сайыс өткізіледі. Сонымен қатар күрес, асық ату, тазы жарыстыру, садақ ату сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылмақ. Мерекеге шетелден және еліміздің әр аймағынан ат тізгінін тартқан спортшылар мен балуандар арнайы келген.

Самат Сүйерқұлов, спортшы:
-Қазақ бауырлас еліме үлкен-үлкен рақмет. Бұндай жарыстар екі елдің ынтымағын бекемдейді. Бұдан тысқары да көптеген адам келді. Кім жақсы дайындық қылса, кім әрекет қылса, сол жеңіске жетеді.

Ұйымдастырылған наурыз тойына халық дән риза.

Этноауылда 2500 литр көже дайындалып, келушілерге үлестіріліп жатыр. Жалпы шараға 20 мыңға жуық халық қатысады деп жоспарланған. Мерекелік шара 3 күнге ұласады.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә