06:00Әрі қарай:
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қарағандыда қылқобыз кеші өтті

Қарағандыда қылқобыз кеші өтті

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің құрылғанына 70 жыл.

Сонымен қатар қылқобыз сыныбының ашылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған концертке еліміздің түкпір-түкпіріндегі шәкірттер жиналып, көрерменге рухани ләззат сыйлады.

«Мәңгілік сарын» деп аталатын концерт Ықыластың «Кертолғау» күйімен ашылды. Кешегі Қорқыт бабадан, Қойлыбайдан қалған дәстүрлі өнерді жалғастырушы жастар бұл күні бірнеше жаңа шығарманың тұсауын кесті.

Жаңқаш Жұмабеков, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы:

- Арнайы қылқобыздың үніне, оның табиғатына арнап халық әні «Дайдидауды» тұңғыш рет осы сахнада орындадық. Сондай-ақ Әлқуат Қазақбаевтың «Шабыт» деген шығармасы қылқобызда оркестрмен қосылып бірінші рет орындалып отыр.

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қылқобыз сыныбынан 30 жыл ішінде түлеп ұшқан, бүгінде әр жерде жемісті еңбек етіп жатқан қыз-жігіттер рухани кешке бір кісідей жиналған.

Аяулым Жетпісбаева, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының өнерпазы:

- Мен бұл концертте заманауи композитор Медет Есбергеновтің «Күз» атты шығармасын орындадым. Көрермен жылы қабылдады. Концерт өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. 

Екі сағатқа созылған концертте бас-аяғы 30-дан астам шығарма орындалды. «Қобыздан күңіреніп шыққан күй сазы ғасырлар үнін, өмір тынысын, халықтың шер-мұңын, арманын баяндап тұрғандай», – дейді көрермен. 

Сара Зейнелқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Адам баласының жанын тітіркендіретіндей, жақсы әсер қалдыратындай әдемі концерт болды. Қазақ өнері дами берсін!

Бұл күні Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен де бірнеше күй орындалып, дәстүрлі әншілер жырдан шашу шашты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев

Сондай-ақ...