22:30Эфирде: «Қазақ хандығы» телехикаясы
23:30Әрі қарай: Кино. «Путь лидера. Железная гора»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Grammy жүлдесін қазақстандық Иманбек Зейкенов жеңіп алды

  • Категория: Мәдениет
Grammy жүлдесін қазақстандық Иманбек Зейкенов жеңіп алды

Ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірі Grammy иеленді.

Қазақстандық жастың жеңісті жаңалығын Мемлекет басшысы зор қуанышпен қабылдап, оны құттықтады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында хабарлады. «Өзінің таланты мен талаптылығының арқасында диджей Imanbek Грэммиді иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді. Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыс тілеймін!»,  делінген Берік Уәлидің жазбасында.

Иманбек сыйлыққа ие болған сәтте ең алдымен ата-анасына, командасына, менеджеріне және осы сыйлыққа лайық деп тапқан Grammy қазыларына алғысын жеткізді. Алпыс үшінші Grammy сыйлығымен марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте онлайн форматта өтті. Бұл марапат музыка саласында жылдың ең басты шарасы саналады және кино саласындағы «Оскар» сыйлығымен пара-пар.

2019 жылы «Хабар» арнасына берген сұхбатында «5 жылдан кейін өзіңді қай салада елестетесің?» деген сұраққа Imanbek: «Әрі қарай музыка жазатыным анық» деп жауап берген еді. Ол ел тарихында тұңғыш рет Грэмми сыйлығын жеңіп алған музыкантқа айналды. Осы жеңіске алып келген «Roses» ремиксін жасауға 2 сағат 20 минут уақыты ғана кеткенін айтқан еді.

Иманбек Зейкенов, «Grammy» сыйлығының иегері:
- Алда не боларын нақты білмеймін, бірақ ары қарай музыка жазатыным анық. Тіпті осы шығармашылық сала менің негізгі кәсібіме айналып, түбегейлі өнерге бет бұрамын деп ойлаймын.

Иманбектің жеңісіне күллі қазақ елі қуанып жатыр. Оны әлеуметтік желіде Димаш Құдайберген де құттықтады. Бір күнде әлемдік музыкант деңгейіне көтерілген Иманбек Зейкенов  Ертіс өңірінің тумасы. Ақсу қаласының тұрғыны. Енді ол туған топырағы Павлодардағы Торайғыров университетінің студенттерімен цифрлық жазба бойынша тәжірибесімен бөліспекші. Қазір жас музыкант осы жоғарғы оқу орнының машина жасау факультетінде білім алады.

Дария Әбікенова, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің IT-HUB директоры:
- Университетіміздің студенттері «сандық дыбыстық оператор» мамандығын игере алады. Иманбек бұл бағытта тәжірибесімен бөліспек. Ол бұл ұсынысымызды бірден қабылдады.

Зухра Меңдібай, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті:
- Иманбек – өте қарапайым жігіт. Біз осындай азаматпен бір университетте оқығанымызға ризамыз және мақтан етеміз.

Сондай-ақ...