Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы әкімдерге неге шүйлікті?

Қыстың қамын жаз ойла. Өткен жылдардағы апаттар, биылғы тәуекелдерден қатты сабақ алған болу керек. Үкімет жылыту маусымына әзірлікті көктемнің өзінде бастап кетті. Қыстан қалай шықтық? Алдағы кезеңге дайындық қалай жүргізіледі? 

Бүгін Олжас Бектенов әкімдерге мәселелерге атүсті қарауды доғару қажет екендігін ескертті. Олай дейтін жөні де бар. Жоспарланған жұмыстар тағы да мерзімінен кешігіп жатыр екен. Ал өзгелері бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар тізімі 15 маусымда белгілі болады. 

2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы жылу маусымы аяқталды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тәуекелдер болды, дегенмен ірі апаттарға жол берілмей, ол тұрақты режимде өтті деп бағалады. Сөйтті де, өз баяндамасында алдағы міндеттер жайын тарқатты.

Оның сөзінше биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ жылумен жабдықтау желілерінде жаңарту қажет. Қазір олардың орташа тозуы – 53% құрайды.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 20,9 мың км электр беру желілерін, сондай-ақ жоғары вольтты 423 кіші станцияны жөндеу жоспарланған. 

Жылу желілерінің ескіргендігі көп жылдан бергі қордаланған мәселе. Тозу деңгейі өте жоғары деген 12 қала айқындалған. Олар «қызыл аймаққа» жатқызылып, ерекше бақылауға алыныпты. Жоспар бойынша 47 шақырым құбыр жөнделеді. Бұған дейін жоспарланған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары да бақылауда болады. Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. 

Бектенов өңірлердегі жылу орталықтары мен қазандықтарды жаңғырту жұмыстарының сапасын тікелей өзі тексеретінін айтты. Жоспар бойынша орталық, солтүстік және шығыс өңірлері 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін жаңа жылыту маусымына толық дайын болуы қажет. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмаса немесе сапасы төмен болса меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да тиісті шаралар қабылданатын болады. Айта кетейік жоспарлы жұмыстарға Үкіметтен 17 млрд теңге бөлініпті. Қалған өтінімдер бойынша шешім жақын күндері қабылданады. Бүгінгі Үкімет отырысында көтерілген мәселелердің бір парасы осындай.