Хабар телеарнасы

«Өнегелі ұрпақ»: Түркістандықтар кесене аумағын күл-қоқыстан тазартты

«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында түркістандықтар Күлтөбе қалашығы мен Гауһар ана кесенесі аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ал жастар ардагерлердің үйіне барып, бау-бақшасына күтім жасады.

Айта кетейік, Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 11 ардагері тұрады. Биыл Жеңіс мерекесі қарсаңында оларға 1,5 млн теңгеден беріледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар тазалық науқаны кезінде қалалықтар «Жібек жолы» саябағына 200-ден аса көшет екті. Экобелсенділер қаланы көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізбек. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 153 мыңнан аса ағаш егіліп, 2600 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 35 мыңға жуық адам, 692 техника тартылды.

Еркінбай Шалтан, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы:
- Өзіміздің ұжыммен осы акцияға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бізге осындай мүмкіндік сыйлап, ағаш егуге кішкентай болсын, осы еліміздің жасылдандыруына, жасыл Қазақстан болуына үлес қосып жатқанымызға алғысымызды айтамыз.