Хабар телеарнасы

Елімізде «жасыл» энергетика инженерлері оқытылады

Елімізде 2031 жылға дейін «жасыл» сутегі өндіру саласына мың инженер дайындалады. Бұл туралы Ақтауда қазақ-неміс ғалымдары қатысқан халықаралық конференцияда айтылды.

Айта кетсек, Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «болашақтың энергиясы» - «жасыл» сутегі өндіретін әлемдегі ірі бес зауыттың бірін тұрғызу жоспарланған. «Кәсіпорын келешекте жел мен күн энергиясын пайдаланып, жылына 2 млн тонна өнім шығарады»,- деп күтіледі. Ауқымды жоба аясында мыңдаған жұмыс орны құрылады. Соның 90% жергілікті тұрғындар болады. Осы мақсатта былтыр Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылған. Оқу бітірген соң, түлектер жаңа зауытқа қызметке қабылданады.

Волрад Роммель, Қазақстан-Неміс университетінің президенті:
- Еуропа елдері «жасыл» сутегі өндірісіне айрықша назар аудара бастады. Қазақстан мен Германия арасында болашақ инженерлерді дайындау бойынша бірлескен жоба қолға алынды. Ақтаудағы қазақ-неміс тұрақты инженерия институты осы саладағы инновациялық әдістерді қолдана отырып, бірегей білім беру тәжірибесін ұсынады. Бүгінгі конференция «жасыл» сутегі өндіруге қатысты әлемдік сарапшылардың өзара тәжірибе алмасуына негізделіп отыр.

Берік Ахметов, Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры:
- Ол бізге үлкен мүмкіндік. Себебі университет кадр тағайындаған кезде 4 жыл алдын ала үлкен жоспармен дайындалады. Осы ретте біздің базамызда оқитын студенттер бастады қазір. Содан кейін олар 1,5 жыл бойы Германияға кетіп, бір жылын әріптес университетімізде, жарты жылы сол индустрияда өтеді. Содан кейін дайын кадр болып, осы жаққа келе қояды. Негізгі мақсат – мың инженерді 2031 жылға дейін Президенттің тапсырмасы аясында дайындау.