Хабар телеарнасы

Су басқан өңірлерде ауызсудың сапасы тұрақты бақылануда

Ауызсу бүлінсе, ішек инфекциялары, гепатит сияқты аурулар белең алады. Сондықтан су басқан өңірлерде ауызсудың тазалығы тасқын басталған уақыттан тұрақты бақылануда. Бүгінге дейін 10 мыңнан астам сынама алыныпты. Мамандар сынама көрсеткіштері гигиеналық нормаларға сәйкес екендігін, ішек инфекциялары мен өзге де ауру жұқтыру жайттары тіркелмегенін айтады.

Санитарлық дәрігерлер эвакуациялық бекеттердегі ас-судың қауіпсіздігі мен гигиеналық тазалықты да қадағалауға алған. Ал су қайтқан аумақтарда орталықтандырылмаған су көздері, аула құдықтары тексеріліп, қоқыс тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Септиктер дейміз, сонымен бірге ауладағы қондырғылар, құдықтар, су ішетін колонкалардың барлығы да біздің бақылауымызда. Ауланың барлығы тазартылып, сынамалар алынып, сонымен қатар жаңағы су басқан жерлердегі топырақтан сынама алынып, олардың қауіпті инфекцияларға қатысы бар-жоғы анықталған жағдайда тиісті залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Шығыс Қазақстандағы Қарақожа өзенінде ауыр металдардың үлесі нормадан 100 мың есе асып кеткен. «Қазгидромет» мамандары алған сынамадан кадмий, темір және марганец табылды. Зиянды заттар өзен арнасына тау-кен компаниясына тиесілі ескі шахтадан түскен.

Табиғат қорғау прокуратурасының тергеушілері қауіпті нысанды жою кезінде өрескел қателіктер кеткенін анықтады. Сондықтан экологиялық шығынды өтеу және ескі шахтаны талапқа сай қайта көму кәсіпорынға сот арқылы міндеттелмек.

Айта кету керек, кен орны ерекше қорғалатын аумаққа жақын орналасқан.