Хабар телеарнасы

6 облыстағы өзендерде су деңгейі төмендеді

Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша Атырау, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқын зардабын жою жұмыстары жалғасуда. Құтқарушылар күндіз-түні апат аймақтарында жүр.

Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне мол су тасталып жатыр. Батыстағы жағдай әлі де күрделі.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Орал қаласында су астында қалған саяжайларда ешкім қалып қоймауға тиіс екендігін, қажет болса, мәжбүрлі түрде көшіру керегін ескертті.

Жалпы су тасқыны басталғалы шамамен 11 млн 600 мың текше метр су сорылып шығарылған. Бір тәулікте 5 млн аса қапшыққа құм толтырылып, 1,4 млн тонна инертті материал төселді. Құтқару жұмыстарына 32 мыңнан аса адам, 5 мыңға жуық техника, 806 су сору және 310 жүзу құралы мен 13 авиатехника жұмылдырылды. Қазірге дейін 26 мыңнан астам тұрғын өз үйлеріне оралған. 8 мың 700-ден астам адам уақытша орналастыру бекеттерінде.

Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарындағы өзендерде су деңгейі төмендеп келеді. Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл өңірлерде су басу қаупі жоқ.