Хабар телеарнасы

Мопед жүргізушілеріне жаңа талаптар қойылады

Енді қала ішінде автокөліктің күндізгі жарықшамын жақпай-ақ жүруге болады. Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта тағы біраз өзгеріс бар. Мәселен, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтерді жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеуге болмайды. Себебі ол да енді көлік құралы болып есептеледі.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Заң жобасын әзірлеуге елімізде мопедтердің күрт көбеюі сеп болған. Бейресми деректерге сүйенсек, бір ғана Алматының өзінде 20 мыңнан астам осындай мототехника бар екен. Ал олардың қатысуымен былтыр 750 жол апаты тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 4 есе көп.

Үнзилә Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Онда 39 адам қаза тауып, 730 адам зардап шеккен. Ал ағымдағы жылы 3 айдың ішінде болған оқиғалардың саны 171-ді құрайды. Әдетте мұндай апатта мопед жүргізушісінің өзі де мерт болатыны кездеседі. Ал олар оқиға орнынан нөмірсіз және басқа да сәйкестендіру нөмірлерінсіз қашып кетсе, сәйкесінше оның жеке басын анықтау өте қиынға соғып жатыр.

Сондықтан заң жобасы мопедті құзырлы орындарға тіркеп, мемлекеттік нөмір алуға міндеттейді. Сондай-ақ заң қабылданса, тек 16 жасқа толған, жүргізуші куәлігінде «А1» категориясы бар азаматтар ғана мопед тізгіндей алады.«Ал басқа санаттарға ие жүргізушілерге «А1-ді» Ішкі істер министрлігі тегін қосып береміз», - деп отыр.

Депутат Анас Баққожаев мұның бәрі қаладағы қозғалысқа қажет, алайда айдалада мопед мініп жүрген адамға не керегі бар дегенді айтады.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауылдарда ешқандай тас жолға шықпай, өзімен өзі мал бағып жүрген азаматтарға осы мопед пен мотоциклге ерекше бір шарттар жасау керек шығар? Мал шаруашылығында қазір барлығы қымбат. Қиын.

«Жол жүрісі туралы» заңға орташа жылдамдық деген түсінік те енгізіліп отыр. Мәселен, Астана мен Щучинск қаласының арасы 200 шақырым болса, аталған аралықта максималды жүру жылдамдығы сағатына 140 шақырым. Яғни Бурабай ауданына шамамен 1,5 сағатта жетуіңіз тиіс. Егер оған 1 сағатта жетіп қойсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Заңбұзушылық жолдағы бейнекамералар арқылы анықталады.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
- Біз Астанадан Бурабайға баратын жолда 14 күн сынақ жасап көрдік. Байқағанымыз, камераның алдында жүргізуші жылдамдығын күрт төмендетеді де, одан кейін қайтадан жүйткиді. Осы екі аптаның ішінде 3800 заңбұзушылық анықтадық. Оның 500-інде жылдамдық сағатына 170 шақырымнан асса, 146-сы 180-нен, 62-сі 190-нан, 11 жағдай - 200-ден асқандар. Сондықтан орташа жылдамдық деген өте қажет. Оны білген жүргізуші қанша жоғары жылдамдықпен жүрсе де, діттеген жеріне ерте баруға болмайтынын біледі. Жолда тоқтауына тура келетінін ескеріп, қалыпты жүріске түседі.

Қазір республикалық трассаларға осындай камералары бар 94 бағана орнатылған. Көлік министрлігі алдағы жылдары тағы 100 шақтысы қойылатынын айтады. Алайда камера қаптағанымен, полиция қызметкерлері қысқармайды. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары кесіп айтты. Айтуынша, барлығы бір-бірін толықтырып, қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге сеп болады. Ал камераларды орнатуға нақты қанша ақша кететінін ешкім айта алмады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Неге ешқайсымыз адам шығының экономикаға келтірер залалы қанша деген сұрақ қоймаймыз. Жол апатынан болған өлімнің салдарынан экономикамызға жылына 1 трлн теңге шығын келіп жатыр. Бірақ мұны ешкім көтермейді. Сондықтан мұндай ауқымды апаттардың қасында камералар тегін орнатылып жатыр деуге болады.

Осылайша аталған заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бірақ оның жай-жапсары екінші оқылымға дейін жан-жақты талқыланып барып, Сенатқа жіберіледі. Онда мақұлданса, Президент қол қойған соң құжат 2 айдан кейін күшіне енеді.

Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов