Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысының Қобда ауылында 102 үй салынады

Ақтөбе облысының Қобда ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге 102 үй салынатын болды. Қазір жер телімдері анықталып, құрылыс жүргізетін 10 астам компания белгіленді. Олар баспананы екі айда тұрғызуы керек. Ал салынатын жаңа үйлердің саны көбеюі мүмкін. Себебі су басқан нысандардың жағдайын тексеру жалғасып жатыр.

Жалпы ауыл бойынша тасқын салдарынан мүліктің бүлінгені туралы 284 өтініш түскен. Техникалық байқау жүргізу барысында әзірге 102 үйді қалпына келтіру мүмкін еместігі анықталыпты.

Ержан Мұздыбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда 80 және 100 шаршы метрлік типтік жобалар қолымызда дайын. Өндіруші зауыттармен көліссөздер жүргізілді. Қажетті кірпіштер, блоктастар, барлық зауыттармен алдын ала келісім бар. Қазір бас жоспарға сәйкес, үйлерді әрбір мердігер мекемелерге бөліп береміз.