Хабар телеарнасы

Су басқан өңірлерде ауызсу сапасы бақылауға алынды

Су басқан өңірлерде жұқпалы аурулар таралуына жол бермеу үшін ауызсу сапасы тұрақты бақылауда.

Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктерге ауызсу жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Су басқан аймақтарда дезинфекциялық құралдар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталады.

Ал халыққа медициналық көмек көрсету үшін 20 сәуірден бастап, «Жәрдем» атты пойыз су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралайды. Ол 140 станцияға барып, ондағы дәрігерлер 92 мыңнан астам адамды қарап, қажетті емін тағайындайды.

Ал үйлері суға кеткен азаматтарға жаңа үй салынады. Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы әзірленді. Атап айтсақ, 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке тұрғын үй мен жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй. Бірақ бұл жоспар әлі мемлекеттік сараптаудан өтуі тиіс.

Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде біржолғы әлеуметтік төлемдер төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың төлемдері автоматты түрде ұзартылады. Ал несиесі барларға төлем мерзімі 3 айға шегеріледі.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Алгоритм бар, эвакуациялық пунктерде мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Диспансерлік есепте тұрғандар мен аяғы ауыр әйелдер ерекше бақылауда болады. Қажетті дәрі-дәрмек қорын медициналық ұйымдардың базаларында және СҚ «Фармация» аймақтық қоймаларында жинау жоспарланған.