Хабар телеарнасы

М. Әшімбаев Өмірбек Байгелдімен қоштасу рәсіміне қатысты

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қаралы жиынға марқұмның әріптестері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Айта кетсек, Өмірбек Байгелдіұлы Парламент Сенатының тұңғыш Төрағасы, сондай-ақ 90-шы жылдары Қазақстан Президентінің кеңесшісі, Жамбыл облысының әкімі сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Сондай-ақ ол Сенатта 16 жылдан аса еңбек етіп, 4-ші шақырылымда депутат болған.

Өмірбек Байгелдіұлы – ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы ретінде де елге белгілі тұлға.

Қоштасу рәсімінде сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшынының көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
– Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. ҚР Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Соңынан жарқы із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгілік сақталады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.