Хабар телеарнасы

Қызылордалық кардиохирург жылына 200 адамның жүрегіне операция жасайды

Қызылордалық кардиохирург Берік Дәуітбаев жыл сайын 200 адамның жүрегіне ашық операция жасайды. Ширек ғасырлық тәжірибесі бар. Білікті дәрігер осыдан 16 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы аясында Мәскеудегі ғылыми кардиохирургия орталығында білімін жетілдірген.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда, жастардың шетелде білім алуының маңыздылығына тоқталғаны белгілі. Президент: «Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет»,- деді. Берік Дәуітбаев та саладағы соңғы өзгерістерден қалыс қалмау үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді.

Берік Дәуітбаев, кардиохирург:
- Шетелден әріптестеріміз келіп сол оталарды жасайтын болған. Одан кейін өзіміз үйреніп, шүкір осы уақытқа дейін өзіміз жасап келе жатырмыз. Бірақ кардиохирургия ол күнделікті өзгерістер болады, жаңалықтар болады. Өзіміз сыртқа шығамыз, әріптестерді осы жергілікті жерге шақырып, мастер-кластарды ұйымдастырып, білімді күнделікті жетілдіреміз.