Хабар телеарнасы

«Болашақ ойындары» аяқталды

Татарстанның Қазан қаласында «Болашақтың ойындары» деп аталатын кибербәйге өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға Қазақстанның атынан 48 спортшы қатысып, 13 спорт түрінен бақ сынасты. Нәтижесінде бірнеше командамыз жеңіс тұғырынан көрінді.

Киберспортта керемет ойын өрнегін көрсеткен біздің командалардың бірі 175 мың доллар жеңіп алды. Төл валютамызбен айтсақ, 80 млн теңге. 5 ойыншыдан тұратын құрама «контрстрайк 2» және «лазер-таг» ойындарында жеңіске жетті. Ойыннан бөлек, қазақстандықтар онлайн оқыту қондырғыларын таныстырды. Мәселен, семсерлесу спортына баулитын құрылғы спортқа алғаш келгендерді баптап, жаттықтырады. Өнертапқыштың компаниясы біздің елде орналасқан.

Игорь Мельников, өнертапқыш:
-Әлем бір орында тұрған жоқ. Әсіресе цирфландыру саласы жылдам дамып келеді. Жасанды интелект, виртуалды шындық – болашақ емес, бүгінгі көрініс. Бұл құрылғы арқылы спортқа қашықтан баулуға болады. Виртуалды сабақ десем қателеспеймін. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмады, енді біздің құрылғының арқасында көптің қалауы орындалды.

Отандастарымыз киберспорттың өзге де түрлері бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, «Дота 2», «Стэнд-офф», «Ворд оф Тэнкс» және киберхоккейде бақ сынаған қазақ спортшыларының бәсі жоғары болды. Сарапшылардың сөзінше, киберспорттың келешегі зор. Компьютерлік ойындар енді көңіл көтеретін құр ермек ғана емес, кәсіби спорт. Ал «Болашақ ойындарының» ееркшелігі виртуалды ойын мен шынайы спорт қатар жүреді.

Ержан Шәкеев, Qazaq Cybersport Federation менеджері:
-Мысал ретінде біздің әйгілі «Барыс» командамыз «Барыс кибер тим» де қатысты осы фиджитал ойындарға. Алдымен плейстейшнда Нхейл деген ойынды ойнап, кейіннен формасын толықтай киіп, мұз айдынына шығып хоккей ойнады. 

Айта кетейік, сайысқа барлығы 2 мың спортшы қатысты. Ал жүлде қоры 10 млн долларға жетті. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындарының» келесі турнирін Қазақстанда өткізуді ұсынған болатын.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Дулат Ентебеков