Хабар телеарнасы

Қарағандыда дәрігерлер мен полиция қызметкерлері марапатталды

Тәулік бойы тынбай еңбек етіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге асыққан азаматтардың  еңбегі еленді. Өз кәсібіне адал мамандарға халықпен қатар, қала билігі де алғыс айтты!

Көпшілік назарына ұсынылған бейнебаянда өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінің және дәрігерлердің күнделікті өмір тынысы бейнеленген. Олар күн-түн демей, адам өмірін сақтап қалу үшін аянбай тер төгеді. Ерен еңбегі еленгендердің қатарында Азамат Мұқажан да бар. Оның потрульдік полицияда жұмыс істегеніне 8 жыл болды. Қақаған аяз бен қарлы боранда республикалық тас жолда қалған талай жанды құтқарған.

Азамат Мұқажан, облыстық  ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы: 

-Соңғы кездері ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Астана бағытында жолда көліктер тұрып қалып, адамдар үйлеріне жете алмайы, сондай жағдайда көмек көрсеттік. Көліктерді артымызға лестіріп тасымалдап, жолда қалған машиналарды шығардық. Сондай-ақ адамдарды үйлеріне жеткіздік.

Ал балалар дәрігері Зульфия Шарафутдинова: «13 жылдық тәжірибемде бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болдым»,- дейді. Айтуынша, шалғайдағы жайлауда жылан шаққан баланы аман алып қалған.

Зульфия Шарафутдинова, облыстық балалар клиникалық ауруханасының реаниматолог дәрігері:

-Санитарлық авиацияның көмегімен жылан шаққан бала біздің ауруханаға жеткізілді. Ес-түссіз жатқан науқасқа қолымыздан келгенше ем жасап, өмірін сақтап қала алдық. Ағазасындағы у шығарылды.

Антына адал­дық танытып, халықтың өмірі мен құқын қорғау үшін тер төккен 23 азаматқа Алғыс айту күні  алғыс хат табыс етілді. Олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер мен еріктілер және этномәдени бірлестік өкілдері бар. Еңбек адамдарының ортақ мақсаты – ел дамуына елеулі үлес қосып, өзіне жүктелген міндетті адал атқару. 

Марина Золотарёва, Сайран Акамбаев, Зарина Зулпыхар