Хабар телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында 200-ге жуық жылқы қырылды

Дені – құлын, жабағылар. Жас мал қалың қар мен көк мұзда тебіндей алмай аштан өлген. Сондықтан тұрғындар түліктерін жаппай қорада ұстауға мәжбүр. Қазір осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, шалғай аудандарға жем-шөп жеткізіп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында желтоқсан айында жаңбыр жауып, жердің беті сіресіп қатып қалған. Қалың қар да жығылғанға жұдырық болды. Көк мұздан далада жүрген жылқылар тебіндей алмай, қабырғалары көрінгенше жүдеп кеткен.

Алқаағаш ауылының тұрғыны Қырым Баяндин далада жүрген 10 жылқысын қолға алды. Бір жабағысы үшті-күйлі жоқ. «Суықта азық таппай құлаған шығар», - дейді өзі. Үйір басындағы айғырлардың өзі қайратсыз күйге түскен. Әсіресе желіндеп тұрған бие, байталдарға обал. Олар құлын тастаған.

Қырым Баяндин, Алқаағаш ауылының тұрғыны:

-Қазір жылқылар үйде. Бәрімізде де, бәріміздің да. Ал табылмаған кейбір жылқылар бар. Олар әлі далада. Оның үстіне өлім-жітім болды. Биыл әсіресе мынау жабағылар, бірге толмаған жылқылар, олар сол далада қалып қойғандар. Өлім болды.

Серік Шаинов, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

-Мынау тебіндікке шалағай болды да, жылқышылармен сөйлесіп, ауылдарға жинап, қазір бүкіл жылқыларды ауылда өздері ұстап отыр. Шөптері бар. Шөп болмаса, біз анау жеке шаруашылықтармен келісіп, көмектесуге дайынбыз.

Облыс бойынша осындай жағдай. Қазірдің өзінде 200-ге жуық мал қырылды. 

Мейрам Меңдібаев, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

-Предворительно айтсақ, мынау Уәлиханда бір 130-ға таман. Мынау Ақжарда 20-28 бастай. Тайыншада кішкене бар 20-25 бастай. Енді қазір ол жұмыс бәрі жүргізіліп жатыр. Сол енді өлімтіктерін бәрін бір жерге жинап жатырмыз.

Қазір қуаңшылық болған Уәлиханов және Ақжар аудандарына жүк көліктерімен шөп жеткізіліп жатыр. Ал ауылдағы ағайын «малдың аузы қашан көкке тиер» деп сары уайымға салынған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков