Хабар телеарнасы

1 наурыз – Алғыс айту күні

Бүгін Алғыс айту күнінде Астанада көпбалалы екі отбасы күтпеген жерден қуанышқа кенелді. Енді қос шаңырақ Астананың сол жағалауында орналасқан су жаңа үйде тұратын болды.

Жақында ғана 8-ші баласы дүниеге келген Дәулет пен Гүлнұр үшін бүгін – тағы бір қуанышты күн. Жатақхананың аядай ғана бөлмесін жалдап тұрып жатқан үлкен отбасы енді жаңа үйге көшеді.

Гүлнұр Айтмырзаева,  «Алтын алқа» иегері:

-27 ақпан күні босандым. Кеше ғана роддомнан шығып келдім. Кеше осы кісілер үйге келіп, балаларға фрукты анау-мынау алып келіп еді. Соның өзіне қуанып қалып едік. Екі бөлмелі үй беріп жатыр, соған да шүкір. Әйтпесе бір бөлмелі 18 квадрат метрде тұрдық қой.

Көпбалалы отбасына баспана сыйлап қуантқан кәсіпкер – Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі әрі ассамблея төрағасының орынбасары Акбаржан Исмаилов. «Қазақ халқына деген алғыс сөзбен ғана емес, іспен де көрсетілуі тиіс», - дейді ол.

Акбаржан Исмаилов, ҚХА төрағасының орынбасары:

-Біздің ата-бабаларымыз, басқа этнос өкілдері әртүрлі жағдайлармен келді ғой. Сол кезде қазақ халқы өзінің жерімен бөлісіп, бір үзім нанымен бөлісіп, қаншама көмек беріп, дос, бауыр болып, соншама этносты өзінің қанатының астында, бір шаңырақты астында жинады. Сондықтан менің қазақ халқына, алғысым шексіз.

Ассамблеяның биылғы «Қайырымдылық керуені» атты әлеуметтік жобасы осылай бастау алды. Оның аясында барлық аймақта игі іс-шаралар ұйымдастырылады. Былтырдың өзінде аталған ұйымның ұйытқы болуымен ел бойынша бас-аяғы 1 млрд 700 млн теңгеге түрлі қайырымды іс жасалыпты.

Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

-Ол шаралардың мақсаты – адам мен адамды, ұлыс пен ұлысты, ұлт пен ұлтты жақындастыру, бауырлық сезімді ояту, жүрегіңдегі әр адамға деген махаббатыңды, бір кішкене жылы сезіміңді білдіру, сол арқылы алысты жақындастыру, жақынды туыстастыру.

Астанада қазақ халқының бауырмалдығын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент бар. Бүгінгі Ассамблея мүшелері осы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға қатысқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазақ әрқашан, қандай жағдай болсын қиналғанға қол ұшын созуға дайын тұрған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сол репрессиялардың кезінде осында біраз халық жер аударылып жіберілген кезде, соғыс кезінде біздің халқымыз енді бір жағынан жомарттығын, ашықтығын, кеңдігін, мейірімділігін көрсеткені белгілі. Сондықтан осындай бір керемет қасиеттері үшін өзіміздің қазақ халқына, елімізге, отанымызға тағы да бір басымызды игеніміз дұрыс.

1 наурыз – Қазақстан халқы ассамблеясының да құрылған  күні. Ассамблея өкілдері осы ұйым аясында талай этностың өз тілі мен ділін сақтауға мүмкіндік жасалғанына да алғыс білдірді.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков