Хабар телеарнасы

Алматыда бейберекет құрылысқа тыйым салынады

Ол үшін қала әкімдігі жыл соңына дейін кейбір жобаларға өзгерістер енгізуге мораторий жариялады. Бүгін Наурызбай ауданының тұрғындары Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде осы мәселені сұрады. Жуырда әкімдік қаладағы құрылысты шектейтін егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларын қабылдаған болатын. «Оны әзірлеу кезінде қала тұрғындарының пікірі барынша ескерілді, қызыл сызықтар бойынша кеткен қателіктер түзелді»,— деді әкім. Бірақ заң бойынша құжатқа жылына екі рет өзгеріс енгізуге болады. Тұрғындар егжей-тегжейлі жоспарлауға енгізілген барлық оң бастама осы заңды желеу етіп, өзгеріп кетпей ме деп алаңдап отыр. Қала әкімі мораторий дәл осының жолын кесу үшін енгізілгенін мәлімдеді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
-Алматының болашақ дамуы орта қабатты құрылысқа негізделген. Егжей-тегжейлі жоспарлаудағы барлық айланың жолын кестік, қосымша жыл соңына дейін түзету енгізуге мораторий жарияладым. Егер өзгеріс қажет болса, келесі жылы қарастырамыз. Менің ойымша, әзірлеушілер де, тұрғындар да мені түсінеді, өйткені біз жоспардың тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек.

Айта кетейік, Алматыда сондай-ақ ғимараттардың сейсмотұрақтылығын тексеру жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін қаладағы 16 мыңнан аса үй тексеруден өтіп, техникалық құжаттамасы жасалды. Ауқымды жұмыс осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.