Хабар телеарнасы

Құстар да тазалыққа құштар

Құстар да тазалыққа құштар. Алматыдағы Сайран көлі күл-қоқыс пен балшықтан тазартылғалы бері айдынға құстар да орала бастады. Қала тұрғындары жергілікті фаунаның қалпына келе бастағанына қуанышты. Қазір көлде аққұтан, үйрек-қаз жүзіп жүр. Еске сала кетейік, Сайранның түбін тазалау 2022 жылы қолға алынды. Жергілікті биліктің айтуынша, демалыс орны алдағы бір-екі жылда жаңа кейіпке енбек. Яғни жұрт жазда «Сайранға» келіп, жағажай жағалайды, ескекпен қайық еседі. Ал қыста сырғанақ тебеді. Көл маңайында тұратын адамдардың айтуынша, қазір бұл жерде 100-ге жуық үйрек пен аққұтанның бір тобы бар.

Есбол Әбділдәбекұлы, Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:
- 1971 жылдан бері ешқандай тазаланбаған көл. Сондықтан біз бірінші рет тазалау жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Тазалау жұмыстары жүргізілгенде 142 мың куб жерасты, көлдің астында пайда болған лай, соны тазалап алдық. 28 мың куб қоқыс шығарылды. Осы күнде, Сайран аумағында абаттандыру жұмыстары басталды. Абаттандыру жұмыстары 2024-2025-те аяқталады.