Хабар телеарнасы

СҚО-да екі ірі су қоймасының көпірі апат алдында тұр

Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасының көпірі апат алдында тұр. Жол өткелдерінің тіреуіштері бір-бірінен ажырап, жарыла бастаған. Осыған байланысты мамандар «көпір арқылы ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою керек» деп дабыл қағып отыр. Бірақ олардың сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Сергеев су қоймасының көпірі 1969 жылы салынған. Былтыр апатты деп танылды. Бұл жермен тәулігіне 300-ге жуық жүк көлігі өтеді. Бірақ мамандар бірде біреуін тоқтатып салмағын тексере алмайды.

Бақытжан Амантаев, Сергеев су торабының басшысы:
-Өткен жылы многофакторный обследования өткіздік. Сол бойынша мост апатты деп танылған. Нақты мінекей мынау Т образный балкалар дейді моста. Соларға енді зиян келіп жатыр. Өзіңіз көріп тұрсыздар жарылып жатыр.

Бұл көпірдің астымен Есілге Сергеев қоймасына сыймаған су ағады. Енді мамандар өткелдің екі жағына өлшеу құралдарын орнатуды жоспарлап отыр.

Рүстем Марқасарин, аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Жүк көліктің салмағы шамадан тыс болса, мемлекеттік нөмірі арқылы айыппұл салынады. Бұл жүйеге 40 млн теңге қарастырылып қойды. Биыл орнатылуы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су жүйесін осы және Петропавлдағы торап реттейді. Оның да көпірі апатты жағдайда. Мамандардың айтуынша, мұның арты ірі апатпен аяқталуы мүмкін.

Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры:
-Сергеев су қоймасындағы автомосттың бұзылуы ол бүкіл гидроузельдің жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін. Сондықтан да бұл үлкен мәселе. Мынау Петропавлдағы су қоймасындағы мынау мостың бұзылуы ол осы техникалық состояниясына жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Биыл апатты деп танылған қос көпірді толық тексеріп, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 140 млн теңге бөлінді. Өткелдердің қашан жөнделері әзірге белгісіз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков