Хабар телеарнасы

Мемлекеттік қызметтен босатылғандарға тағы бір мүмкіндік берілмек

Кейбір Мәжіліс депутаттары іштей қарсы болғанымен, бүгін мемлекеттік қызметтен босатылғандарға тағы бір мүмкіндік беретін заңды қабылдады. Сондықтан теріс қылық жасап қызметтен кеткендер, араға екі жыл салып қайта жұмысқа тұра алады. Неге? Себебі Конституциялық сот оларға өмір бойына шектеу қою заңсыз деп тауыпты.

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Сондықтан олар қателікке ұрынбауы тиіс. Бекітілген талап бойынша оларға құмар ойындарға қатысу, өзге тұлғалардан сыйлықтар мен қызметтерді қабылдау, қызметін асыра пайдалану, шешім қабылдауда туыстарына басымдық беруге және туристiк, емдеу-сауықтыру түріндегі жолдамаларды алуға рұқсат етілмейді. Мұндай шектеулердің 19 түрі бар. Міне соның бірін жасай қалса жұмыстан шығарылады және өмір бойына бұл қызметке қайта оралуына тыйым салынады.

Бұл заң түрінде бекітілген талап. Осының негізінде біраз азаматтың қызметімен қош айтысқаны белгілі. Сондай жәбірленушілердің бірі былтыр конституциялық сотқа норманың дұрыс не бұрыстығын анықтап беруді сұрап шағымданыпты.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Конституциялық сот азамат Арғынбаевтың өтінішін қарады. Конституциялық соттың құқықтық талабына сай мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді.

Бұған кей депутаттар шамданып қалды. Мұрат Әбенов қарсылық білдірді.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Амал жоқ, қабылдап жатырмыз деп айтсақ ол өтірік емес. Шынымен де қазір халықтың алдына шығамыз, Парламент сонда заңсыз қызмет атқарған, жұмыстан босатылған қызметкерлерді қайтадан жұмысқа алып жатыр ма деп сұрақ қояды ғой. Конституциялық соттың шешімі, амал жоқ. Болмаса біз оларды жарылқайын деп тұрғанымыз жоқ.

Норма күшіне енді. Бірақ оны бәрі бірден қолдана алмайды. Жұмыстан шығарылған соң екі жыл уақыт өтуі тиіс. Ал бос орынға тек конкурстық іріктеу арқылы ғана орналаса алады.

Мәжіліс қараған келесі мәселе – ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру. Жобада ғалымдар үшін жаңа үстемақы енгізу қарастырылыпты. Ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ай сайын ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы ғылым кандидаты қазір 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңге алатын болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ал енді ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта ол 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін ол енді қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алатын болады. Бұл өте жақсы қолдау деп санаймыз.

Сондай-ақ Ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру көзделуде. Олар қазір конкурс арқылы берілетін гранттық ақшамен ғана өмір сүруде. Ол бәріне бірдей бұйырмайды. Өзгерістерге сай қызметі мемлекет үшін маңызды деп танылған институттар тұрақты қаржыландыруға ие болады. Заңда Қазақстан тарихы, Шығыстану, қазақ филологиясы сияқты 17 бағыт айқындалған. Бұл тізім тағы да кеңейеді.

 Ғалымдарға шығармашылық демалыс беру мәселесі де осы заң аясында өз шешімін тауыпты. Мерзімі бір жылға дейін деп белгіленген. Осы аралықта оның жұмыс орны сақталады және орташа көлемде жалақы алып отырады. Бұл ғалымдардың зерттеуімен айналысып, ғылыми мақалаларын шығаруына мүмкіндік. Ал бос екенмін деп басқа жерде жұмыс жасауына рұқсат жоқ.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов, Болатбек Табалдиев