Хабар телеарнасы

10 облыста су тасқыны болуы мүмкін

Санаулы күннен кейін Қазақстанның 10 облысында су тасқыны басталуы мүмкін. Негізінен еліміздің оңтүстік-шығысы, солтүстік және орталық бөлігіне қауіп төнеді. Ақпан айының соңында тап осы аймақтарда нормадан тыс жауын-шашын күтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жиында сондай-ақ жайлы мектептердің құрылысы талқыланды. Жоба 740 мың оқушының мәселесін шешуге тиіс.

Жуырда ғана тағайындалған министр Шыңғыс Әрінов болуы мүмкін төтенше жағдайларға барынша назар аудартуға тырысты. Алаңдауына көктем келмей жатып, нақтырақ айтсақ қаңтар-ақпан айларында болған су тасқындары себеп. Биылдың өзінде елімізде 12 елді мекен мен 29 саяжайды су басқан. Сондай-ақ бір автожол учаскесіне қауіп төніпті. Аталған жағдайлар Шығыс, Батыс және Абай, Атырау, Ақтөбе облыстарында тіркелген.
Биыл бірқатар облыста әсіресе шығыста қар әдеттегіден көп. Қардың қалыңдығы бір күн жылынып жаңбыр жауса, жағдай тіптен қиындайды. Қазіргі болжам бойынша 10 облыстағы 217 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мұндай проблема елді мекендердің көпшілігінде жылдан-жылға қайталанып келеді. Мысалы, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылы соңғы 4 жыл бойы қар суының құрсауынан шыға алмай отыр. Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Әкімдіктер бұл проблемеларды біле тұра ешқандай шара қабылдамайды.

Үш жыл бұрын су тасқынын болдырмау үшін арналарды кеңейтіп, бөгеттер тұрғызу сияқты еліміз бойынша 218 іс-шарадан тұратын жоспар құрылған. Соның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмаған. Демек биылғы көктемге дайындығымыз нашар.

Шыңғыс Әрінов, Төтенше жағдайлар министрі:
-Қабылданған шаралар тиімді болуы тиіс және уақытша болмау керек. Нәтижесінде олар өңірлердегі су тасқыны жағдайын шешу керек. Мысалы, Көксарай су-реттегішінің құрылысы Сырдария өзеніндегі 400-ден астам елді мекенді су басу қауіпін бір жолға жоюға мүмкіндік берді.

Биыл 217 мектеп пайдалануға беріледі

Келесі сұрақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының уақытылы іске асырылуына қатысты. Соның орындалуымен үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мәселесі шешілуі тиіс. Осы маңызды миссия межеленген мерзімде орындалуы тиіс. Жоспарға сәйкес алдағы екі жылда 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектеп салынады. 163–і ауылдық жерлерде тұрғызылады. Биыл 217 мектеп пайдалануға берілуі керек.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-Жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжрибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтар базасы қалыптастырылуда. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі негізінде оқу мазмұнын жетілдіруге бағытталған жаңа модел әзірленуде. 

Бұл оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталуы тиіс. Ал жиһаздары отандық өндірушілердікі болуы шарт. Жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі сондай-ақ мектептерге баратын жолдар мектептің ашылуына дейін салынуы керек. «Жайлы мектеп» барлық жағынан жайлы болысын деді. Бұл айтылғандардың іске асырылу барысы маусым айында қайта қаралатын болды. Айтпақшы қазір елімізде әлеуметтік нысандар құрылысын мемлекеттік мекемелерден бөлек қоғамдық ұйымдардыңда қадағалау тәжірибесі пайда болған. Сол белсенділер жаңа бастама көтеріп жұмысына салғырт қарап, құрылысты кешіктіретін шенеуніктерге «қара таңба» атты сыйлық беруді ұсынды. Оның Алғаншқы лауреаты Батыс Қазақстан облысы Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев болды. Белсенділер Орал қаласындағы №31 мектеп құрылысының аяқсыз қалуы осы маманның кесірінен деп санайды. Нысан іргетасы қаланған қалпы қалып қойған.