Хабар телеарнасы

Абай облысында 40 жуық ауылды су басу қаупі бар

Әсіресе биыл Көкпекті ауданында қар жылдағыдан мол түскен.

Ал Ақсуат ауданының халқы тоңның қалыңдығына алаңдаулы. Жергілікті билік көктемгі тасқынға қарсы тұруға дайын ба?

Азамат Қасым, тілші:
- Абай облысындағы қар ең көп жауатын ауданның бірі – Көкпекті. Биыл бұл өңірге ақ ұлпа жылдағыдан бірнеше есе қалың түскен. Осыған орай көктемгі тасқынға дайындық жұмысы қазірден басталып кетті.

Тасқынға тосқын жасау үшін 7 мың қап құм әзірленген. 10 мың тоннаға жуық жанар-жағармай сатып алыныпты. Ауданда 16 мотопомпа бар. Қар тазалайтын техника да жеткілікті.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
- Аудан бойынша жердің қаттылығы 50 сантиметр болып тұр. Және де бүгінгі күнге аудан бойынша дайындығымыз бар. Су құбырлары, каналдардың бәрі күзде тазаланған болатын. Әрі қардан өткенде де тазалатқанбыз. Енді осы бір жұма аралығында тағы тазалаймыз.

Көкпектімен іргелес Ақсуат ауданы да көктемгі тасқынға қамданып жатыр. Жақында осы өңірдегі екі ауыл мен бір қыстаққа су кірген еді. Еріген қар суы Қызылкесік, Ойшілік ауылдары мен Көккемер қыстауындағы онға жуық аулаға жайылған болатын. Аудандық төтенше жағдай мамандарының айтуынша, аудандағы үш ауылды су басу қаупі бар.

Талант Рақымжанов, Ақсуат ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы:
- Ол
Жәнтікей, Ойшілік және Көкжыра ауылдары. Ойшілік ауылында 2021 жылы арнайы қорғаныс бөгетін жасаған болатынбыз. Ол жерден қауіп жойылды деп саналады. Қалған елді мекендерде су тасқынына қарсы шараларды атқардық. Өзен арнасын тазаладық, қомдадық, көмкердік.

«Алайда қауіп сейілді деп қамсыз отыруға болмайды», - дейді жергілікті тұрғындар. Өйткені биыл аймақта тоң жылдағыдан қалың.

Жамбыл Жұманбаев, Жәнтікей ауылының тұрғыны:
- Қарды тазалап отыру керек. Қамсыз болмау керек. Жолдар мына су келетін ауылдың өзінде құбырлар бар. Солардың басын аршып, тазалап отыру керек. 

Абай облысында 38 ауылды су басу қаупі бар. Бұл аумақта 10 мыңнан астам халық тұрады. 1200 астам адам, 360 техника мен 144 мотопомпа тасқын бола қалған жағдайда жұмыс істеуге дайын тұр. Алайда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов