Хабар телеарнасы

БҚО-да ₸57 млн жымқырған экс-шенеунік қамауға алынды. Өңір жаңалықтары

Батыс Қазақстан облысында 57 млн теңге жымқырған экс-шенеунік қамауға алынды. Оған «Artsport» бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Спортты дамыту дирекциясының» бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 

Маңғыстау облысында 237 адам банкрот деп танылды

Олардың қаржы ұйымдарына берешегі 344 млн теңгеден асады. Соңғы он айдан бері аймақта үш мыңнан аса тұрғын өзін-өзі банкрот деп тану үшін мемлекеттік кірістер органдарына жүгінген. Мамандар несие тарихын қараған соң, 2530 азаматтың өтінішін кері қайтарды. Айта кету керек, банкрот деп танылған адам бес жыл бойы несие ала алмайды және мұндай азаматтардың үстінен үш жыл қаржылық мониторинг жүргізіледі. 

Шымкент мектептеріндегі ас мәзірі бірыңғай талаптарға сай болмай шықты

Прокурорлардың айтуынша, қаладағы барлық білім ұяларында сүт өнімдері мен қуырылған балық тек екі аптада бір рет үлестірілген. Ал заңнамада бекітілген тәртіп бойынша мұндай құнарлы тағамдар оқушыларға апта сайын берілуі керек. Осыған қатысты Білім басқармасының лауазымды тұлғасы айыппұл арқалап, тағы үш қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қадағалаушы органның атынан кемшіліктерді дереу түзету туралы нұсқау берілді.