Хабар телеарнасы

Елімізде қылмыстық істерді электронды форматта тергеу көрсеткіші 95% жетті

Елімізде қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу көрсеткіші 95% жетті. Демек үш жыл бұрын басталған реформа толықтай орындалды деуге болады. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Жаңа әдіс Қазақстанда 2019 жылы қолданысқа енген. Қазір жылына 130 мыңға жуық іс электрондық үлгіде қаралады. Оның басты артықшылығы материалдарды бұрмалауға, ондағы деректерді ауыстыру сияқты әрекеттерге жол берілмейді. Яғни адамның құқығы заңға сәйкес қорғалады. Сондай-ақ барлық мүдделі тарап істі бірдей қарау арқылы уақыт үнемделеді. Айта кетейік, адам құқығын қорғау мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде қаралып, мүше мемлекеттерге арнайы ұсынымдар беріледі. Соған сәйке Қазақстан 214 іс-шараны атқаруды мақсат етіп отыр.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
-Бүгінге дейін бұл ұсыныстардың 30% орындалды. Мәселен, өлім жазасын жою туралы хаттама ратификацияланды. Адам құқықтар жөніндегі уәкіл омбудсмен институты нығайтылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау бойынша да ілгерілеу бар.