Хабар телеарнасы

«Маска тағыңыз!»: ковидтен қауіп бар ма?

«Маска тағыңыз!» Соңғы күндері осы тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде коронавирустың жаңа штаммы анықталды деген ақпарат тараған. Бұл қаншалықты рас мәлімет? Дүрлігетіндей қауіп бар ма? Ковидке қатысты ахуал тұрақты ма?

Бұл – Парламент Мәжілісіндегі қазіргі ахуал. Бетпердесіз ішке кіруге рұқсат жоқ. Үкімет ауысқалы бері мұнда медициналық сақтық шаралары күшейтілген. Өткен апта палата төрағасы Ерлан Қошановтың ковид жұқтырғаны туралы ақпарат тараған еді. Дәл сол кезде Президент Әкімшілігі Медициналық орталығы бас санитарлық дәрігерінің Мәжілісте сақтық шараларын күшейту туралы қаулысы шықты. Араға тура бір апта салып Ерлан Қошанов бүгін жалпы отырысқа қатысты. Жиналыс барысында маска тағуды ескертіп те отырды.

Енді ресми дерекке ойыссақ. Бас санитар дәрігердің қаулысымен Қазақстанда маска режимі енгізілді. Тиісті қаулы 9 ақпанда жарияланды. Құжатта бұл тәртіп әуежайлар, теміржол вокзалдары, базарлар, банктер сияқты қоғамдық орындарға қатысты деп анық жазылған.

Дәл осы органнан статистиканы сұраттық. Сандарға қарағанда Қазақстанда 2024 жылы 641 адам ковидпен ауырған. Соның 131-і ақпан айының алғашқы аптасында анықталыпты. Өлім жағдайы тіркелмеген. Қазақстанның барлық өңірі жасыл аймақта. Сонда масканы не үшін тағамыз?

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Ол ұсыныстық сипаттағы халыққа жай ескерту, сақтанып жүрсін, байқап жүрсін деген. Бетперде тағу деген тек коронавирустан сақтану дегенді білдірмейді. Бізде тұмау қазір. Осы кезеңде вирустар үлкен белес береді.

Ал ковидтің жаңа штаммы тарап жатқаны рас па? Маманнан мұны да сұрадық.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы: 
-Бізде 2022 жылы болған қазір омикрон штаммы. Басқа штамдар бізде жоқ. Қазақстанда да, басқа елдерде де қазір сол кеңінен таралған.

Әлемде X пандемиясы пайда болуы мүмкін бе? Мәскеудегі болашақ технологиялар форумында мамандар осы сұраққа жауап іздеді.

Константин Северинов, биология ғылымдарының докторы:
-Бізде халық саны өскенімен, генетикалық тұрғыдан ілгерілеу жоқ. Бірақ өркениеттердің дамуынан түрлі індеттің тез таралу ықтималдығы күшейді. Қазір табиғатқа келтірілген залалдарды ескерсек, жаңа вирустың пайда болуы әбден мүмкін. Ол өте жылдам таралуы да ықтимал. Сондықтан біз мұндай жағдайға дайын болуымыз қажет.

Дайындығы мынау. Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғау қызметі көпшіліктің назарына жаңа эпидемияны болжау жүйесін ұсынды. Ол жаңа технологияның көмегімен деректерді сараптап, сондай-ақ жасанды интеллекті қолдану арқылы індетті алдын ала біле алады екен. Бұл әзірге пайым. Қазір нақты түрде айтуға болатын ақпарат ковид бұған дейін болжанғандай тұмау сипатына ауысты.

Қазақстандық дәрігерлер де, шетелдік сарапшылар да мұны ресми түрде растауда. Сондықтан бұл ковид бұрынғы ковидтен өзгерек. Бірақ «сақтансаң, сақтаймын» деген ескі тәмсіл қашан да күшін жоймайды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов