Хабар телеарнасы

Жалған дипломмен жұмысқа орналасуға тосқауыл қойылады

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғалымдардың дәрежесі ешбір растаусыз танылады. Сондай-ақ енді жалған дипломмен жұмысқа орналасуға тосқауыл қойылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, дипломдар арнайы деректер базасына енгізіліп, қатаң тексеріледі. Еліміздегі мектептердің де мәселелері оң шешіліп жатыр. Білім саласында тағы қандай өзгерістер бар?

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ғалымдары енді өздерінің ғалым екенін дәлелдеп әуреленбейді. Мәжіліс бүгін осындай келісімді ратификациялады. Былтыр Ресейде қол қойылған құжат қазір одаққа мүше басқа мемлекеттерде де қабылданып жатыр. Оған сай Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армения елдері ғалымдарының ғылыми дәрежесі өзара мойындалады. Бұл университеттер мен зертханалар арасындағы байланысты күшейтіп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі: 
-Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттен теріс, саяси, қаржы-экономикалық және өзге де салдарға, сондай-ақ қаржылық шығындарға әкеп соқпайды. Жалпы келісім ғылыми кадр алмасуды ынталандырып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің білім беру жүйелерін интеграциялауға ықпал етеді. 

Елімізде енді жалған дипломды анықтау оңай болады. Құжатты нөмірі арқылы арнайы деректер базасынан қарауға мүмкіндік туады. Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Ол үшін қазір 1991 жылдан бергі берілген дипломдардың бәрі порталға енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде сайтқа 3,5 млн дипломның дерегі бар. «Бұл жұмыс биыл аяқталады»,— дейді, министр. Ал жалған құжатты қолдан жасағандар мен сатқандар заңмен қудаланады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды, мөрлерді, лицензиялық құжаттарды қолдан жасау, жалған құжат жасау 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе шектеуге әкеледі және де жалған дипломдарды сатып алып, оларды біле тұрып қолданған азаматтарымыз 40 күнге дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Жоғарғы оқу орындары мен студенттердің үздігі, енді әп-сәтте анықталады. Ал оқытушылардың әдістемесі бір базаға жинақталады. Бұрын шәкіртақы кешіктіріліп жіберілсе, енді жаңа бағдарлама оны өзі қадағалайды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті барлық құнды ақпаратқа жауапты. Осылайша, Жоғарғы оқу орындары үшін жасалған онлайн платформа баршаға қолжетімді болмақ.

Динара Щеглова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары:
-Бұл — студенттердің саны мен оқу ордалары жайында барлық ақпаратты білуге мүмкіндік беретін озық бағдарлама. Былтыр желтоқсан айында барлық жоғары оқу орындарына қосылған. Бірақ оны әрі қарай дамытамыз. Яғни халықаралық жүйеге сүйеніп, үздік оқу ордаларын анықтаймыз.

Елімізде 6 жылдан кейін мектепте 236 мыңнан астам мұғалім тапшы болып, бітірушілер саны екі есе артады. Демек мектеп мәселесі өзекті. Бұл туралы жауаптылар бүгінгі алқа отырысында айтты. Дегенмен былтыр білім саласынан бөлінген қаржы 2 есе өсіп, ауыл мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жоюға тырысыпты. Яғни 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2100 мектеп жаңғыртылды. Оның жартысы ауыл мектебі.

Қаныбек Жұмашев, Оқу-ағарту министрлігінің комитет төрағасы:
-Қазір біз жаңа этап бастағалы отырмыз. Бұл білім беру мазмұнындағы қазіргі трендтерге сәйкес заманауи өзгерістерге енгізу. Әлбетте жасанды интеллектіні айтуға болады. Осы орайда білім берудің жаңа стандарты дайындалып жатыр.

Кадр тапшылығын шешеміз деп жүргенде, жалған дипломмен келгендер ұсталып жатыр. Маңғыстау облысында осындай қылмысқа барған 3 педагог қызметтен қуылды. Құзырлы орган мәліметінше, жоғары оқу орнын бітіргені туралы жалған құжатпен жұмысқа тұрып, бала оқытқан. Олар Ақшұқыр мектеп-гимназиясы мен №1 мектеп-лицейдің қызметкерлері. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, 675 мың теңге көлемінде мемлекеттен заңсыз жолмен алынған жалақы кері қайтарылды.