Хабар телеарнасы

Атырауда үйлерді су басып жатыр

Атырау қаласының бірнеше ықшамауданын су басты. Қала іргесіндегі «Жұлдыз», «Мирас», «Балауса» ықшамаудандарындағы тұрғындар үй ішінде су кешіп жүр. Жерасты және жаңбыр суынан тазарту мүмкін болмай тұр. Тұрғындар ықшамаудандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қоспай, мәселенің шешілуі қиын. 

«Мирас» ықшамауданындағы қазіргі көрініс осындай. Аулаларды ғана емес, үй ішін де су басқан. Техникалардың көмегімен тазартып көрген, бірақ нәтиже бермепті. Тұрғындар: «Бұл бірнеше жылдан бері қайталанып жүрген жағдай», - деп отыр.

Бұл – тек бір ықшамауданның ғана мәселесі емес. Қала орталығындағы ескі үйлерді айтпағанда, «Балауса», «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындары да жерасты және жаңбыр суынан қиындық көріп отыр. Өткен аптада жауған қалың қар ерісе, мәселе тіпті ушығып кетеді.

Бұған дейін «Жұлдыз» ықшамауданындағы үйлер суға кетіп, жергілікті әкімдік төтенше жағдай жариялаған еді. Кейін осындай құрылғының көмегімен жерасты суын сору жұмыстарын бастады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ықшамаудандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қоспай, мәселенің шешілуі қиын.

Жергілікті әкімдік қазір кәріз жүйесін жүргізу үшін зерттеу жұмыстары басталғанын айтады. Бірақ жобаның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.

Қуат Қалимов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
-Қазіргі уақытта жоба жасақтап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, канализация болғасын жердің бетімен емес, жердің астымен жүреді. Оның бәрін зерттеп қарайды. Қай жерде не бар. Мүмкін ол напорный бола ма, самотек бола ма? Оның бәрін зерттеп, жұмыстар басталып кетті.

Қазір қалада су сору жұмыстарына 35 вакуум тартылған. Ал қардан тазартуға 100-ден аса техника жұмылдырылды. Ал қала іргесіндегі ықшамаудан тұрғындары шұғыл шара қолданылмаса, үйіміз құлай ма деп алаңдап отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов