Хабар телеарнасы

Тұран жолбарысы қайта оралады

Тұран жолбарысын Қазақстан аумағында қайта жерсіндіру ісі 2026 жылы басталады. Мұндай жоспар Самарқанда өтіп жатқан жабайы жануар түрін сақтау жөніндегі халықаралық конвенция отырысында айтылды. Ежелде Тұран атырабын мекен еткен жолбарыс тұқымы көп ұзамай қайта пайда болады. Ғалымдар бұған еш күмән келтіріп отырған жоқ. Себебі сегіз рет өлшеп, бір рет қабылданған кесімді шешім бар. Соған сай қазақ жеріне 2026 жылы табиғаты жағынан ұқсас саналатын Амур тектес жыртқышты әкелу көзделіп отыр. Оның тұқымы біздің өлкеге әбден жерсінген соң Тұран жолбарысына айналады. Мамандардың айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен келісімге де қол қойған. Ұйым өз қаражаты есебінен еліміздегі «Алтынемел» ұлттық паркіне бұқар бұғысын жіберді. Соңғысы Тұран жолбарысының қорегі саналады.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі:
-2026 жылы Амур жолбарысын Ресейден әкелу жоспарда бар және Еуропаның тағы бірқатар мемлекетінен жеткізу қарастырылып жатыр. Барлығы тегін. Орындар мен экожүйе дайын. Ғалымдар да тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатыр.