Хабар телеарнасы

«Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінде жабайы аң көбейіп келеді

Жетісу облысындағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінде жабайы аң көбейіп келеді. Мәселен, 2019 жылы 1700-ден аса марал болса, өткен жылы 130 бас артқаны анықталған. Бұғымен қатар елік, тауешкі, қоңыр аю және доңыздардың да өсімі байқалып отыр. Парк қызметкерлері кезекті санақты бастады. 

Санаққа шыққан Кәрім Жапарғалиұлы мен Сергей Довыдченко бірден еліктің ізіне түсті. Кәнігі мамандар Сарқан өзенінен көп ұзамай-ақ сұлу жануарлардың бір шоғырын кезіктірді. Аймақты мекендейтін аң-құс кейінгі кездері жиі көзге түсетін болған.

Сергей Довыдченко, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:
-Бізде текелердің саны артып келеді. Бұрын елу шақты болса, қазір екі жүзден асты. Маралдың өсімі де сондай. Әсіресе кейінгі жылдары аю көбейді. Ертеректе екі қонжықтан туса, қазір үшеуін ертіп жүретін болған. Бұл қоректік азығының жеткілікті екенін айғақтайды. Бір ғана Сарқан филиалының аумағында 44 аю бар.

Мемлекеттік инспекторлар санақ жұмыстарына смарт технологияны қолданады. БҰҰ-ның даму бағдарламасымен берілген геонавигациялық құрылғы екі жыл бойы сынақтан өткізілді. Нәтижесінде жануарлардың тіршілік ететін ортасы дәлме-дәл анықталып, картаға түсірілді. Ақпараттар негізгі компьютерге көшіріліп, мәлімет қоры жинақталып жатыр.

Жанарбек Молдахан, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім басшысы:
-Бұл мемлекеттік инспекторлардың жұмысын жеңілдетеді. Екіншіден, жұмысының нақтылығын көрсетеді. Өйткені инспектор қанша шақырым, қанша күн жүрді, бәрі осы смартта нақты көрсетіледі.

Көлемі жағынан елімізде үшінші орын алатын ұлттық паркте екі жүзден аса адам жұмыс істейді. Олардың ұзақ жылғы еселі еңбегінің нәтижесінде Жетісу Алатауының тұмса табиғаты сол қалпында сақталып отыр. Қазір аталған аумақты сүтқоректілердің елу, құстардың 170 түрі мекендейді. Мамандар жануарлар әлемін қаскөйлерден ғана емес, тілсіз жаудан да қорғайды.

Кіші Басқан өзенінің бойында бес көпір бар. Биыл соны парк қызметкерлері қалпына келтірмек. Сол арқылы мынандай Тянь–Шань шыршасы өсетін аумаққа жол ашып, жасыл желекті өрттен қорғау жұмыстарын жүргізбек.

Тынығушыларға Жетісу Алатауын аралату үшін ұлттық парк тарапынан он шақты туристік бағыт әзірленген. Биыл олардың қатары толығады.

Қуаныш Ақылбаев «Жоңғар Алатауы» МҰТП директорының орынбасары
-Туристердің көбі Жасылкөлді көргісі келеді. Сондықтан осы бағытты дамытамыз. Яғни Алакөлден Жасылкөлге баратын маршрут дайындадық. Тополевка ауылында жергілікті әкімдік туристік орталық ашуды жоспарлап отыр. Сол елді мекеннен де бірнеше туристік бағытқа баруға болады.

Өткен жылы ұлттық паркке екі мыңнан аса турист келген. Жаңа бағыт ашу арқылы келушілер санын бір жарым мыңға арттыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов