Хабар телеарнасы

Ақмола облысында жол апатына түскен оқушылардың жағдайы тұрақты

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен сегіз баланың бесеуі ауруханада ем алып жатыр. «Олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ»,— дейді дәрігерлер. Еске салайық, кеше оқушылар мінген шағын автобус жол апатына ұшырап, бір адам қайтыс болды. Қайғылы оқиға Көкшетау-Атбасар тасжолдында болған. Көліктегі он бес жолаушының сегізі - бала. Олар Көкшетауда өткен жайдарман ойындарына қатысып, үйлеріне жолға шыққан. Рөлге ие бола алмай қалған 62 жастағы азамат қарсы бетке шығып кеткен. Салдарынан 20 жастағы жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жандос Маханов, Сандықтау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Қазіргі таңда Сандықтау аудандық ауруханасында 5 адам жатыр. Оның үшеуі - бала. Екі үлкен кісі. Көпбейінді облыстық ауруханадағы бір үлкен кісінің жағдайы ауырлау. Әртүрлі жарақаттар алған. Оның ішінде бұғананың сынуы, жұмсақ тіндердің көгеруі, балтырлардың жарақаты, білек пен жақтың сынуы. Сол себепті тиісті ем-дом шаралары жасалып жатыр.