Хабар телеарнасы

Жалған ақпаратқа алданбас үшін нені білу керек?

Банк реквизиттері мен СМС код және құпия сөздерді ешкіммен бөліспеңіздер! Елорда тұрғындары полициядан осындай хабарлама алды. Соңғы уақытта интернет алаяқтардың көбейіп кеткендіктен, сақ болуға шақыруда.

Өткенде Алматыдағы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқандар, Ақтөбе мектептеріне келіп ойран саламын деп оқушыларды қорқытқан хабарламалардың салдары қауіпті болуы мүмкін. Фейк таратқандар үшін қандай жауапкершілік бар, қарапайым жұрт жалған ақпаратқа алданбас үшін нені білуі тиіс?

Өткен аптада Алматыда жер сілкінісінің толқуларынан жұрттың зәресі ұшып, көшеге шығып жатқанда әлдекімдер жалған ақпарат таратып, жағдайды одан сайын ушықтыра түскені жоғарыдағы сөзіме дәлел.

Есте болса, «23 қазандағы дүмпулерден кейін таңғы бестерде жер тағы сілкініп, ҚазҰТУ жатақханалары бүлінеді» деп Алматының чаттарын шулатқан 2 азаматша ұсталды. Біреуі 1995 жылы, екіншісі 2006 жылы туылған. Әзірге оларға 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Бірақ көрінеу жалған ақпарат тарату жауапкершілігі Қылмыстық кодексте де қарастырылған. Оның жазасы ауыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-ші бабында тероризм актісі бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлғаларға 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – 18 млн 460 мың тг. Сондай-ақ 5 жылға бас бостандығын шектеу және сонша мерзімге түрме жазасы қарастырылған. Сондай-ақ осынша көлемде түзеу жұмыстары да бар.

Ал көрінеу жалған ақпарат тарату бабы 1000 АЕК яғни 3млн 692 мың тг айыппұл және бір жылға түрме жазасын немесе 400 сағат қоғамдық жұмыстарға жегуді көздейді.

Ақтөбедегі оқиғаны да еске сала кетейін. Шаһардың мектептеріне келіп, 26 қазанда оқушылардың ортасына ойран салатынын айтқан телефон террористің әрекетінің салдарынан қала мектептерінде бірінші ауысымда оқитын 58 мың оқушының тек 9 мыңға жуығына ғана мектепке барды. Абырой болғанда полиция дереу қимылдап, қаскөйді анықтады. 


Павлодар облыстық әділет басқармасының атынан хабарлама таратып, 417 мың 450 тг айыппұл төлемегендерге Егов порталында жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, депозиттер мен банктік шоттардың барлығы бұғатталатыны жазылды. Хабарлама сенімді болуы үшін тіпті сот орындаушының аты-жөні мен байланыс нөмірін көрсетіп қойған. Бірақ бұл жерде баса мән беретін деталь бар. Әдетте мемлекеттік органдардан келетін хабарламалар бірінші кезекте мемлекеттік тілде, сосын барып орыс тілінде жолданады. Осыдан-ақ бұл хабарламаның фейк екенін бағамдауға болады.

Әділет министрлігі аталған жағдайда әуелі дербес деректердің жай-күйін тексеріп алуға кеңес береді. Ол үшін атқару өндірісінің aisoip.adilet.gov.kz автоматтандырылған жүйесіне жеке сәйкестендіру коды арқылы кіріп, кез келген құжат бойынша мәліметті тексерген абзал. Мәселен, банктік картаға, есепшоттарға, депозиттерге, жүргізуші куәлігіне бұғат қойылған, қойылмағанын тексеруге болады. Ал алаяқтар адамдарды қалай алдайды? Әркім өзінің дербес мәліметтерін неге жиі тексеріп отыруы керек? Әділет министрлігінен лайфак. 

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Көптеген адамдардың жеке деректері интернет беттерінде, әлеуметтік желілерде ашық көрсетіліп жатады. Олар осы сіздің деректеріңізді алады да, екінші деңгейлі банктердің қолдау қызметіне хабарласып айтады: «Мен өзімнің карточкамды жоғалтып алдым, бұғаттай тұрыңызшы», - дейді. Әрине, банктің қауіпсіздік қызметі оны бұғаттайды. Бұғаттаған бойда сол адамның жеке номеріне хабарласады да: «Сізге өндірістік іс қоғалды, сол үшін сіздің kaspi немесе басқа мобильдік қосымшаңызды блоктап тастадық», - дейді. «Сосын тез ғана осы нөмірге айыппұлды төлеңіз», - дейді. Ол адам өзінің мобильдік қосымшасын ашады, ол шынымен блокталған болып тұрады. Шын сеніп, төлеп жіберетін жағдайлар кездесіп жатады.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат беру жайттары жиілеп кеткенін Ішкі істер орындары қуаттайды. Жыл басынан бері 22 іс қозғалған. Оның екеуінде кінәлілер кәмелетке толмаған. Сондықтан олардың ата-анасы айыппұл төлейді. Сондай-ақ жалған ақпарат таратудың статистикасы да алаңдатарлық. Полиция былтырғы картинаны былай деп сипаттайды. 

Бауыржан Пазылов, ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аға жедел уәкілі:
- 2023 жылы жалған хабарлау бойынша 215 қылмыстық іс қозғалды. 43 адам анықталды. Оның ішінде 19-ы кәмелетке толмағандар. Барлығы 7 адам сотталды. 

Қылмысты ашудың өзі де оңай болмай тұр. Себебі көп жағдайда бұндай алаяқтық әрекеттер интернет арқылы басқа мемлекеттерден басқарылады. Бұл ретте сарапшы заңгерлер кибер қылмысқа қарсы қорған болатын ең негізгі қаруды атап өтті.

Әйгерім Құсайынова, заңгер: 
- Қаржылық және құқықтық сауатты болуы керек. Ең алдымен күмәнді қоңыраулар, күмәнді смс хабарламалар келетін болса, ең алдымен банктің, мемлекеттік мекеменің сенімді номерлеріне хабарласып, мән-жайды толық біліп барып, іс-әрекетке көшкен дұрыс. Қазіргі уақытта таралып жатқан смс ақпараттар, түрлі ссылкалар, почта арқылы посылка келді деп жатады, соның барлығына өзіңіздің жеке ЖСН жазбас бұрын, алдымен сенім номерлеріне хабарласып толық ақпаратты білген дұрыс. 

Жалған ақпарат, интернет арқылы бопсалау тағы сол секілді кибер қылмыстар 3 басты айдаһар сияқты. Басын кессең, орнына бас шығады.

Қазіргі күні 140 мың теңгеден кем зейнетақы алатындарға да қосымша 50 мың теңгеден бір реттік төлем жасалады деп арбап жатыр. Ал жалған ақпарат таратуда кәмілетке толмаған жеткіншектер санының өсіп келе жатқандығы алаңдатады. Біз зайырлы мемлекетпіз. Біліп білмей істеген күнәмізді кеше гөр дейтін емес. Қолмен істегенді мойынмен көтеру шарт. Ал ол – жаза.